Қазақстанда ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономика үлесі 20 пайыз

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Кейінгі 3 жылда Қазақстанның жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі экономика үлесі 27%-дан 19,75%-ға дейін қысқарып, бюджетке 2 трлн теңге қосымша кіріс түскен. Оған қоса былтыр 3,4 трлн теңге кедендік салық пен төлем жиналған. Бұл деректі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев келтірді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысында Жамаубаев көлеңкелі экономикаға қарсы кешенді іс-шаралар жоспарының орындалуын баяндады.

Қаржы министрлігіне жоспардағы 26 тармақтың орындалуы бекітілсе, соңғы екі жылда оның 15-і толық көлемде аяқталған.

«Осы шараларды жүзеге асыру кедендік тексерулердің тиімділігін арттыруға, камералық бақылауды жақсартуға, кедендік рәсімдерді оңтайландыруға және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қосымша шаралар әзірлеуге мүмкіндік берді. Жалпы, жүзеге асырылып жатқан шаралар соңғы 3 жылда ішкі жалпы өнімдегі көлеңкелі экономиканың үлесін 27%-дан 19,75%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік беріп, бюджетке 2 трлн теңге қосымша кіріс түсті», деп атап өтті Ерұлан Жамаубаев.

Сондай-ақ, Қытаймен сауда-саттықтағы сәйкессіздік азайған. Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша жекелеген тауарлар бойынша өзіндік құн көрсеткіші 2,5 есеге өскен. Экспорттық декларацияларды онлайн алмасу жолға қойылған.

Орталықтандырылған бақылауды және шекарадан өтуді автоматтандырылған бақылауды қамтамасыз ету, адами факторды жою және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында Диспетчерлік бас басқармасы құрылды.

«Нәтижесінде, 2022 жылдың қорытындысы бойынша кедендік төлем мен салық көлемі 3,4 трлн теңгеге жетті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 50%-ға артық», деді Ерұлан Жамаубаев.

Пилоттық жоба жүзеге асырылған 2 жыл ішінде айналым сомасы 4,1 трлн теңге болатын жалған мәмілелер жасасқан 9 мыңға жуық қатысушының қызметі анықталды және шектелді. 1 трлн теңге сомасына өзара есеп айырысатын 4 мыңнан астам субъектіні тіркеу сот органдары арқылы жарамсыз деп танылып, 402 млрд теңгеге 3 890 мәмілені соттармен жарамсыз деп танылды.

Қазақстан 2025 жылға дейін көлеңкелі экономика үлесін 15 пайызға дейін төмендету міндетін қойып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз