Алматыда заңсыз салынып жатқан 3 тұрғын үй кешені анықталды
Алматыда заңсыз салынып жатқан үш тұрғын үй кешені анықталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қала құрылысын бақылау басқармасы мәліметінше, ORDA CITY тұрғын үй кешені, Dostar Deluxe тұрғын үй кешені мен Verona тұрғын үй кешенінің құрылысқа қажетті құжаттары толық емес.
ORDA CITY тұрғын үй кешені Теректі шағынауданы, Айналмалы көшесі, 183-учаскеде орналасқан. Тапсырыс беруші: Investment Stroy ЖШС.
«Жобалау алдындағы құжаттама және құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғаны туралы хабарлама, учаскенің нысаналы мақсаты жоқ. Басқарма мердігерге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 316-бабы, 1, 321-бөлігі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұруға нұсқау беріп, шаралар қабылдады, сондай-ақ, Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына шұңқырды бұзу және қайта толтыру туралы арыз берді», – делінген әкімдік хабарламасында.
Dostar Deluxe тұрғын үй кешені Мәдениет шағынауданы, 185/8 мекен-жайында салынып жатыр.
Тапсырыс беруші: «Ашинов» ЖК.
Бұл ТҮК-тің сұлба жобасын келісу, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғаны туралы хабарламасы жоқ. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 316-бабы, 1, 321-бөлігі бойынша шаралар қабылданған.
Ремизовка шағынауданында салынып жатқан Verona тұрғын үй кешені құрылысына 5 жеке тұлға тапсырыс берген. Оның да жобалау алдындағы құжаттама және құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғаны туралы хабарламасы жоқ.
«Алматылықтарға жылжымайтын мүлік сатып алмас бұрын салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құжаттарын Қала құрылысын бақылау басқармасына хабарласып, тексеруді ұсынамыз: +7 (727) 229-81-36.», делінген хабарлама.
Бұған дейін Алматының қымбат ауданында салынып жатан Baganashil Hills коттедж қалашығының үйлері бұзылуы мүмкін екенін жазған едік. Үйлерді салып жатқан Sensata Group компаниясының үстінен сотқа арыз түсірілген. Алматы қалалық қала құрылысы басқармасының басшысы Бақытжан Наурызбековтың айтуынша, олар құрылысты заңсыз жүргізіп отыр.