Қазақстандық балалар және олардың желідегі қауіпсіздігі қандай деңгейде?

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігі мәселесіне қазақстандық ата-аналардың жартысынан астамы аса мән бермейді екен. Мұндай қорытынды Касперский зертханасы жасаған зерттеуден кейін шығып отыр. Маңызды зерттеу жайлы тарқатып жазғанды жөн көрдік.

Бала және оның желідегі аккаунттары

 «Өз балам, өзім білем» деген ұстаным қаншалықты дұрыс? Бұл сұраққа бір жақты жауап беру қиын, әрине. Айталық, желіде баласы туралы ақпарат, сурет саларда ата-ана рұқсат ала ма? Осы сұраққа жауап берген респонденттердің ішінде 54 пайызы рұқсат сұрамайтынын айтқан. Жалпы қатысушылардың 58 пайызы әлеуметтік желіге баласының суретін не видеосын салып отырады екен. 48 пайызы баласына қатысты қызық оқиғаларды жазса, 36 пайызы олардың қызығушылықтарын салады. 28 пайызы баласының атын атап көрсетеді.

Ал енді баласының желі парақшасының бар-жоғына қатысты қандай нәтиже барына келейік. Сауалнамаға қатысқандардың 52 пайызы кемінде бір желідегі аккаунтын біледі екен. Респонденттердің балаларының 70 пайызы TikTok-та отырса, 62 пайызының — YouTube-те, 27 пайызына ВКонтактеде парақшасы бар. Ата-аналардың айтуынша, балалары жеке суреттерін ашық салады (59%), хоббиі жайлы мәліметтер бөліседі (52%), жасы туралы ақпарат береді (36%). Бірақ мектебі, телефон нөмірі, үйі жайлы деректерді сирек салады екен. Қатысушылардың ішінде 28 пайызы қажет болса, парақшасының құпиясөзін біліп ала алатынын айтқан. Ал 24 пайызы құпиясөзді біледі, бақылап отырады.  

Онлайн-саудаға қатысты  

Келесі бір қызық мәлімет — балаларының интернет арқылы сауда жасауына қатысты. Анықталғандай, әр оныншы ата-ана әйтеуір бір рет болса да балаларының қателігінен ақшасынан айырылған. Ата-аналардың 38 пайызы қолданатын сервисті балаларының да пайдаланатынын айтқан. Ал 11 пайызы онлайн-дүкендерді бірге қолданады екен. Ал 10 пайызы онлайн-кинотеатр, стримиң ресурстарды балаларының да қолданатынын көрсеткен. Клоуд сервистерге қатысты дерек — 9 пайыз. Бұл дегеніміз ата-ана тарапынан бақылау қатты болуы керегін білдіреді. Олай болмаған жағдайда баласы ақшасын жұмсап жіберуі мүмкін. Респонденттер қанша қаражат жоғалтқанын да айтқан. Мәселен, жартысына жуығы 4000-16000 теңге аралығында деп көрсетіпті. 27 пайызы 4000 теңгеге дейін депті. Десе де, көлемді сома жоғалтқандар да жоқ емес. Мысалы 1 пайызында 400 мың теңгеден астам ақша кеткен. Ақшаны балалар білместікпен жұмсауы мүмкін. Өйткені қазір фишиң сайт көп. Бірақ кейбірі саналы түрде де жаратады. Мысалы, әлдебір ойынды сатып алуға не қолданбаға қол жеткізу үшін дегендей.  

 Бұдан шығатын қорытынды — баламен ашық тілдесіп, киберқауіпсіздік жайлы мейлінше ертерек сөйлесу керек. Мәселен, сауалнама қатысушыларының жартысынан көбі баласына онлайн-қауіп жайлы айтатынын көрсеткен. 29 пайызы ата-ана бақылауы бағдарламасын қондырған. 25 пайызы браузер тарихын қарап, баласының қандай сайттарға кіріп, не іздегенін қарап отырады екен. Көбіне 4-11 жас аралығындағы балаларды ата-анасы бақылауда ұстайды. Қазір балаға телефон керек. Әйтсе де, сатып алып бермес бұрын оны дұрыс пайдалану жайлы ақпарат беріп, түсіндірген жөн. Ақылы сервистен әлдене алардан бұрын ата-анамен ақылдасудың маңызын бала білуге тиіс. Шыққан сілтеменің бәріне кіре бермеуді, орнат деген бағдарлама не қолданбаны  жүктей бермеуді үйрету маңызды.  

Балаға телефон алып беру туралы

Әр бесінші ата-ана баласына 4 жастан асқан шақта гаджет алып береді екен. Респонденттердің 32 пайызына электрон девайсты алғаш рет 4-6 жас аралығында ұстатқанын айтса, 24 пайызы 2-3 жасынан бергенін айтыпты. Қатысушылардың жартысынан астамының баласы күнделікті интернетте 1-4 сағаттай уақыт өткізеді. 23 пайызы бос уақытының бәрін интернетте өткізеді деседі. Ата-аналардың 80 пайызы интернеттегі іс-әрекетін бақылап отыратын болса, 65 пайызы уақыт бойынша шектеу қойғанын айтқан. Әрине, заман ағымына қарай технология тілін білгені жақсы. Өйткені оған да бейімделу маңызды. Тіпті электрон девайсты пайдаланып, дамуға жол ашуға болады. Бірақ таразының екінші басында құрылғылардың балаға кері әсері тұратынын да естен шығармау керек. Мысалы, қатысушылардың 66 пайызы телефонды ұзақ ұстағаны үшін баласына ұрсатынын айтқан. 42 пайызы ойынға қатты берілгеніне уайымдаса, 20 пайызы баласының отыратын топтары мен тұтынатын контентіне көңілі толмайтынын білдірген.    

Сондай-ақ оқыңыз