«Қолыма бардың бәрін беруге дайынмын» – Гүлмира Сатыбалды тағылған айыпты ішінара мойындады
Нұрсұлтан Назарбаев немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды сотта айыпты ішінара мойындады.
«Мен айыпты ішінара мойындаймын, бірақ қылмыстық кодекстің 125-бабы бойынша кінәмді мойындамаймын. Адам ұрлау әрекеті бойынша да мойындамаймын. Мекешеваға 5% акцияны беремін деп, сөзімде тұрмадым», – деді Гүлмира Сатыбалды.
Сатыбалдының сөзінше, ол өзінің танысы Айгүл Мекешеваны ұрлау туралы ешқандай тапсырма бермеген.
«Мен (жәбірленуші) Айгүл Мекешевамен медиативті келісімге келіп және оған акцияны беру туралы шешім қабылдадым. Келісімшартты сотқа ұсындық. Айгүл Мекешеваға ешқандай өкпем жоқ. Ол танысқан сәттен бастап менің жақын адамым болды. Арандатуға ергеніме өкінемін. Алайда ешқашан адамды ұрлау әрекетін ұйымдастырған емеспін. Айгүл Мекешеваны ұрлау туралы ешқандай тапсырма берген емеспін. Егер ұрлау әрекетін ұйымдастырсам, оны үйіме алып келуді тапсырмайтыным анық. Ешқашан криминал әрекет жасаған емеспін, заң нормаларын бұзбадым», – деді Сатыбалды.
Ал Алагөзовке қатысты іс бойынша ешқандай рейдерлік әрекет жасамағанын айтты.
Айтуынша, компания акциясын келісім бойынша заңды түрде сатып алған.
«…Жала жауып отыр. Саяси жағдайды пайдаланып, байып қалғысы келіп отыр. Мұны Алагөзовке қатысты іс бойынша айтып отырмын. (…) Құрметті сот, мені үйге жіберсеңіз, қолымда бардың бәрін беруге дайынмын. Маған ештеңе керек емес. Бәрін кешіремін. Мен жай ғана үйіме барғым келеді», – деді Гүлмира Сатыбалды сотта.