Түркия ең ірі Қара теңіздегі газ кенішін игере бастады

Жарияланды

Елдегі ең ірі Қара теңіздегі газ кеніші игеріле бастады. Бауырлас ел көгілдір отынның 99% шеттен ипорттайтын. Енді бұл көрсеткішті 30% қысқарады. Бұл туралы Хабар24 хабарлады.

Ақжолтай жаңалық Ораза айт мерекесі қарсаңында жарияланды. Негізі 2020 жылы тамызында қаланған Сакария теңіз кенішінде өндірілген табиғи-газ 2200 метр тереңдіктен шығарылды. Оны 170 шақырымдық су асты құбыры мен бірнеше компрессорлық қондырғылар арқылы Зонгулдактың Фильос қаласындағы нысанға тасымалданған.

«Біз 2 бірдей мерекені тойлап жатырмыз. Ораза айт пен Қара теңіз газын жеткізу. Бұл – Түркияның энергетикалық тәуелсіздігін алу жолындағы маңызды қадам. Алғашқы кезеңде тәулігіне 10 млн текше метр өндіреміз. Жоба толық іске қосылғанда еліміздің газға деген қажеттілігінің 30% өтейміз. Сонымен қатар жобаның арқасында біз Фильос пен Зонгулдакты маңызды энергетикалық және технологиялық базаға айналдырмақпыз»,- деді Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған.

Түркияның Қара теңізде барланған газ қоры тап қазір 710 млрд текше метрді құрап отыр. Энергетика министрінің айтуынша, бұған дейін шетелдік компаниялармен Қара теңізде бұрғылау жұмыстары жүргізілген. Дегенмен көңіл көншітерлік нәтиже болмаған.

«Бірінші кезеңде 10 ұңғымадан тәулігіне 10 млн текше метр, екінші кезеңде 40 ұңғымадан тәулігіне 40 млн текше метр табиғи газ өндіретін боламыз. Жоба толық қуатына жеткенде қазіргі табиғи газ қажеттілігінің шамамен 30% қамтамасыз етеді. Басқаша айтқанда, тұрғын үйлердің 35 жылдық табиғи газ қажеттілігін өз күшімен өтеуге қабілетті. Отандық көгілдір отынмен қоса Түркия тұрғындарына 1 ай бойы көгілдір газ ақысы тегін болмақ»,- деді Энергетика министрі Фатих Дөнмез.

«Айына орта есеппен 25 текше метрді құрайтын ас үй мен ыстық суды тұтынуға қажетті табиғи газдың құны бір жыл алынбайды. Бұл да алдымызда жаз келгенін ескерсек, көптеген үй газ ақысын төлемейді. Тегін көгілдір отынды пайдалану барлық аз қамтылған азаматтарымыздың, әсіресе зейнеткерлерден бастап студенттердің бюджетіне қомақты үлес қосады деп ойлаймын. Сайлаудан кейінгі кезеңдегі азаматтарыма мұның көрінісі әлдеқайда басқаша, әлдеқайда оңды түрде көрінеді деп үміттенемін»- деді Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған.

Түркия қазіргі таңда табиғи-газдың 99% Ресей мен Әзербайжаннан тасмалдайды. Ел Сакария кен орнын игеру арқылы сыртқы энергия көздеріне тәуелділігін азайту және Фильесты маңызды энергетикалық хабқа айналдыруды көздейді.

Сондай-ақ оқыңыз