ЮНИСЕФ: Судандағы балаларға қауіп төніп тұр
ЮНИСЕФ өкілдері Судандағы балалардың жағдайына алаңдаулы. Бұл туралы «Хабар 24» хабарлады.
Шығыс Африкадағы бұл елде қарулы қақтығыс жалғасып жатыр. Атыс-шабыс салдарынан 9 бала қаза тауып, 50-ден астамы жараланды. Бірнеше күн ішінде 400-ден аса тұрғын мерт болған. Әсіресе ел астанасы Хартумдағы ахуал күрделі. Қалада жарық жиі өшіріліп, дәрігерлер қиын жағдайға тап болған, жарықтың болмауынан тоңазытқыштағы дәрі-дәрмек бүлініп жатыр.
«Қарулы қақтығыстан әсіресе балалар қатты зардап шегіп отыр. Тойып тамақ ішпейтін, сондай-ақ тәулік бойы күтімге мұқтаж 50 мың кәмелетке толмаған бар. Солардың барлығы аса маңызды көмектен қалыс қалып отыр. Бірақ оларға гуманитарлық көмек көрсете алмаймыз. Өйткені қызметкерлеріміздің қауіпсіздігіне алаңдаймыз», деді ЮНИСЕФ баспасөз хатшысы Джеймс Элдер.