ЧВК «Вагнер» қатарына қосылған қазақстандық 9 жылға дейін сотталуы мүмкін – СІМ
Шетелдегі әскери соғысқа қатысқандар Қазақстанға оралғанда сотталады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
«Қазақстан азаматы өз еркімен ЧВК «Вагнер» қатарына қосылған. Олардың қатарына қосылуға ниет танытқандарға 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеміз. Олар ойлағандай ол жерде романтика жоқ. Бұл біздің соғыс емес. Сақ болыңыздар. Жақындарыңызды ойладыңыздар», – деді Айбек Смадияров.
Осыған байланысты СІМ ресми өкілі қазақстандықтарға ескерту жасады.
«Бәріміз ересек адамбыз. Бұл жігіт те кәмелет жасына толған. Біз оларға көмектесіп жатырмыз, оның ата-анасымен байланыстамыз. Барлық тиісті сұрақ Ресей Федерациясының құзыретті органдарына жіберілді. Біз ақпаратты тексереміз және мүмкіндігінше толық көмек көрсетеміз. Бірақ ол Қазақстанға оралғанда ол қылмыстық қудалауға ұшырайтыны ескертеміз», – деді ресми өкіл.
Сондай-ақ Айбек Смадияров Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтардың құқығын қорғау үшін келіссөз жүргізілетінін хабарлады.
Айтуынша, 2023 жылдың сәуірінде Сеул қаласында Қазақстан мен Корея Республикасының сыртқы саяси ведомстволар арасында консулдық консултациялардың 7-раунды өтеді.
«Іс-шарада Оңтүстік Кореядағы Қазақстан азаматтарының құқығы мен мүддесін қорғау, оның ішінде еңбек рұқсаттары жүйесін құру мәселелерін талқылау жоспарланып отыр», – деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, қос тарап Қазақстан мен Оңтүстік Корея Үкіметтерінің арасында еңбек мигранттарының (қазақстандықтар) қызметі және олардың құқығын қорғау келісім жобасын қарайды.