Жаңалықтар

Елімізде жоғары білім беру қызметі қымбаттаған

Фото: Kursiv.media


Жоғары білім беру қызметі бір жыл ішінде 16 %-ға пайызға өскен. Бұл жайлы energyprom.kz жазды.
Негізінен бұл саладағы барлық қызметтің 64 пайызы бюджет есебінен жүзеге асырылады. 2022 жылдың төртінші тоқсанында еліміздің жоғары білім беру саласында 176,5 миллиард теңгеге қызмет көрсетілген. Бұл 2021 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда 15,8 пайызға артық.

Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 113,3 млрд теңге (ҚР 64,2%), халық есебінен – 59,2 млрд теңге (33,5%), кәсіпорындар есебінен – 4,1 млрд теңге (2,3%) қызмет көрсетілген.

Ал 2021 жылдың төртінші тоқсанында жоғары білім саласында қызмет көрсету көлемі 152,5 млрд теңгені құрап, жылдық өсім 28,2%-ды құраған. Өңірлермен салыстырып қарайтын болсақ, жоғары білім саласындағы қызметтердің басым бөлігі Алматы қаласына тиесілі екен. Қазақстан бойынша алғанда, бұл қаланың үлесі 37,5% құрап, 66,1 млрд теңге болған. Бұл 2021 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда, 26,8% артық
Ал екінші орында – Астана қаласы. Бұл қаланың қызмет көрсету көлемі 47,5 млрд теңгені құрап, бір жыл ішінде 3,3%-ға өскен. Содан кейін Қарағанды облысы тұр. Ондағы көрсеткіштер 5,7% немесе 10,1 млрд теңге болса, бір жылдағы өсім 6,5%.
Бұл сала бойынша ең аз қызмет көрсеткен өңірлер – Ұлытау (198,2 млн теңге), Қызылорда (898,4 млн теңге) және Жетісу (982,7 млн теңге) облыстары.

Өткен жылдың төртінші тоқсанында жоғары білім саласындағы қызметтердің басым бөлігін, яғни 90,6 пайызын ірі кәсіпкерлік субъектілері көрсеткен. Олардың үлесі 159,9 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 16,2%-ға өсккен. Орта кәсіпорындардың үлесі 6,9 млрд теңге, жылдық өсімі 15,3%. Ал шағын кәсіпорындар – 9,7 млрд теңге, жылдық өсімі 10,1%.

Меншік нысандары жағдайындағы мемлекеттік компаниялар ең көп қызмет көрсеткен. Олардың жалпы үлесі 102,2 млрд теңге – бір жыл бұрынғыдан бірден 1,9 есеге артық. Ал шетелдік кәсіпорындар көрсеткен қызметтің көлемі 1,6 есе өсіп, 1,5 млрд теңгеге дейін жетсе, жеке компаниялар көрсеткен қызмет көлемі, керісінше, бір жылда 26,2%-ға азайып, 72,8 млрд теңге болған.

Ағымдағы жылдың наурыз айындағы қорытынды бойынша жоғары оқу орындарының құны бір жылда 18,1 пайызға өскен. Атырау облысында көрсеткіштер бір жылда 53,8%-ға бірақ өскен. Бағаны сондай-ақ, Қостанай –36,9%, Түркістан – 31,5%, Ақтөбе – 27,2% және Ұлытау – 27% облыстарында көтерілген.
Ал керісінше Маңғыстау, Алматы және Жамбыл облыстарында өсім сәйкесінше 4,7%, 6% және 7,9% пайызды құрапты.
Сонымен қатар, елімізде алдағы уақытта оқу орындары көбейе түседі. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Ресей университеттерінің, Ресейде қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы заңға қол қойған. Бұл жағдайдың елдегі оқу орындарының бағасына қалай әсер ететіні әлі белгісіз.