Freedom Holding Aviata мен Chocotravel компаниясының 100% үлесін сатып алады
Freedom Holding Corp Choco холдингінен біріккен Aviata/Chocotravel компаниясының 100% үлесін сатып алатынын хабарлайды. Келісім жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Келісімнің жалпы сомасы – $32,3 млн.
«Біз клиенттеріміз үшін толыққанды цифрлық сервистер экожүйесін құрып жатырмыз, сондықтан Aviata мен Chocotravel сервистерін сатып алу – компаниялар тобының дамуына жұмсалған логикалық салым. Аталған интеграция халықтың экономикалық белсенді санаты саналатын Қазақстандағы миллионнан астам әуежолаушымен өзара ықпалдастық құруға жол ашады. Холдинг сервистердің тұрақты клиенттерімен тиімді коммуникация құра отырып, айтарлықтай синергияға қол жеткізуге ниетті. Атап айтқанда, банк платформасына жаңа клиенттерді тарту, Aviata мен Chocotravel жұмысын төлем жүйелерімен және топтың сақтандыру ұйымдарымен интеграциялау»,-деді Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
Ішкі және халықаралық бағыттар бойынша әуе мен теміржол билеттерін сату-сатып алу саласында жағымды тенденция байқалады. Отандық тасымалдаушылар жолаушы ағынын толықтай қалпына келтіріп, тұрақты өсімге қол жеткізді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық әуекомпаниялар рекордтық 11 млн жолаушыны тасымалдаған. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 17%-ға, пандемияға тұспа-тұс келген 2020 жылға қарағанда екі есеге артық.
Aviata мен Chocotravel.com Amadeus версиясы бойынша ТМД аумағындағы ең автоматтандырылған агенттік болып саналады. Билеттерді қайтару операцияларының 76%-ы әп-сәтте автоматты режимде жүзеге асып, өнімді ыңғайлы әрі қолдануда қауіпсіз етеді. Әсіресе жиі ұшатын жолаушылар үшін.
«Былтыр біз холдинг стратегиясын қайта қарап, тек жеткізу мен бизнеске арналған жарнама технологияларымен байланысты жобаларға баса назар аударамыз деген шешімге келдік. Содан бері Lensmark.kz (линза сатуға арналған интернет-дүкен) және ioka.kz (төлем жүйесі) сервистерін саттық. Енді Aviata мен Chocotravel-ді сату нәтижесінде холдинг жеке және жария борыштарды 100% өтеуге, маңызды стратегиялық жобаларды белсенді түрде инвестициялауға жеткілікті ресурсқа ие болмақ. Біз өзге агенттіктерде жоқ бағалар мен түрлі ұшу амалдарын ұсынатын нарықтағы үздік тревел-өнім жасап шығарғанымызды мақтан тұтамыз»,-деді Choco холдингінің бас атқарушы директоры Николай Мазенцев.
Aviata.kz пен Chocotravel.com – Қазақстан тревел нарығындағы ең белгілі брендтердің бірі. Fusion Lab (GFK-дің Қазақстандағы өкілдігі) зерттеуі бойынша брендтің спонтан танылуы өте жоғары деңгейде – top of mind қазақстандықтар арасында 24,7%-ды құрайды. Компанияның b2b өнімі аса танымал. Оны 1200-ден астам ірі компания қолданады. EUSAT (5 жұлдыз қойған адамдар саны) қызмет көрсету сапасын бағалау көрсеткіші 96% деңгейінде.