Дегенмен, релокация қарқыны бәсең емес пе? «Курсив» тілшісі осы мәселені жан-жақты талдап көрген еді.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, геосаяси жағдайға байланысты (РФ нарығынан шетелдік компаниялардың жаппай кетуі) былтыр елімізге – 20, биыл 4 компания қоныс аударған. Бұдан бір жыл бұрын ел үкіметі 362 ірі шетелдік компаниямен релокация бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Кейінірек 62 компаниядан оң жауап алдық деп мәлімдеді. Бірақ нәтижесінде 20 шақты компанияның келуі релокацияның баяу жүріп жатқанын аңғартса керек. Дегенмен министрлік жалпы шетелдік компаниялар нарық алаңын ұсыну бойынша белсенді жұмыс жалғасатынын хабарлайды.
«Қазақстан Үкіметі тарапынан Ресей мен Беларусьта қызметін тоқтататынын жариялаған шетелдік ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халықаралық корпорацияларды Қазақстанда орналастыру бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Бүгінгі таңда әлемнің 38 елінен 401 ірі компанияның тізімі құрылды. Оның ішінде 66 компания бойынша нақты келіссөздер жүргізілуде, қазірдің өзінде 24 компания Қазақстанға қоныс аударды. 21 компания пысықталу үстінде. 21 компанияның келешегі бар деп есептеледі», делінеді хабарламада.
Айтуларынша, компанияларға Қазақстандағы инвестициялық ахуал туралы нысаналы мақсаттағы шақыру хаттар мен презентациялық материалдар жолданған. Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің басшылары қызығушылық танытқан компаниялардың топ-менеджментімен жеке кездесулер өткізіп жатқан көрінеді.
«Сонымен қатар қазіргі уақытта шетелдік компаниялардың басым бөлігі аймақтағы ахуалдың одан арғы беталысын күтіп отырғандарын атап өткен жөн. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табуда», дейді министрлік.
Жыл басынан бері 4 компания қоныс аударды дегенді жоғарыда айттық. Министрлік ол компаниялардың атауын жария еткен жоқ. Бірақ қай салаларға қатысы бар екенін атап өтті.
- Электр қуаты жабдықтарын шығарумен және сол саладағы инновациялық шешімдерді әзірлеумен айналысатын франциялық компанияның Қазақстанға технологияларын трансферлеп, Атырау облысында тренинг орталығын құру;
- Германиялық компания тарапынан Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын тіркеме техникасын өндіретін зауыт салу;
- Ресейлік компания тарапынан Қостанай облысында серіппе жасайтын зауыт ашу;
- Ресейлік компания тарапынан Астана қаласында логистикалық парк салу.
«Қазақстанның заңнамалары мен талаптары релокация жасап жатқан шетелдік компаниялардың тарапынан толығымен орындалып жатыр. Бұл ретте, олар үшін қандай да бір арнайы жағдайлар жасалмайтынын және олардың кеңселері мен өндірістері біздің елге жалпы ережелерге сәйкес көшіріліп жатқанын атап өтеміз. Бүгінгі күні шетелдік компаниялармен релокация жасау шарттарын түсіндіру бойынша келіссөздер тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Компаниялар тарапынан қисынсыз талаптар қойылған сұраулар байқалмады. Сонымен қатар релокация бойынша келіссөздер барысында мәмілеге келе алмай релокация жүзеге аспай қалған жағдайлар туралы ақпарат министрлікте жоқ екенін хабарлаймыз», деп түсіндірді ведомство бізге берген жауабында.
Инвестиция комитетінің басшысы Ардақ Зебешевтің айтуынша, Қазақстан – Орталық Азия өңірінде шетелдік инвестиция тарту бойынша көшбасшы ел.
«Тәуелсіздік алғалы бері осы өңірге тартылған инвестициялардың 70 пайызы біздің елге тиесілі. Қазақстан инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша үздіксіз жұмыс жасап, оған зор мән беруде. Бүгінгі таңда елімізде мемлекет тарапынан тиісті жағдай жасалып, қолдау шаралары қабылданған. Инвесторлардың біздің елді таңдауы Қазақстандағы тартымды инвестициялық климаттың тиімділігінің арқасында халықаралық қоғамдастық тарапынан көрсетіліп отырған сенімділіктің белгісі. Осыған орай әлемдегі геосаяси жағдайларға байланысты Еуразия кеңістігінен кетуге мәжбүр болып отырған шетелдік компаниялар үшін Қазақстанға қоныс аудару тиімді бола отырып, Қазақстанның халықаралық аренадағы сыртқы беделінің өсуіне айтарлықтай септігін тигізуде», дейді комитет басшысы.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 28 млрд долларды құраған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 17,7 пайызға (23,8 млрд доллар) артық екенін атап өтеміз. Министрлік мәліметінше, жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың ақпараты бойынша 2022 жылы шетелдік инвесторлардың қатысуымен 46 инвестициялық жоба іске қосылыпты. Жалпы, 1,74 трлн тенге инвестиция тартылып, 6,2 мың жұмыс орны ашылған.
Инвестициялық жобалар негізінен:
- Машина жасау;
- Химия өнеркәсібі;
- Агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібі;
- Жеңіл өнеркәсіп;
- Құрылыс материалдары;
- Мұнайгазхимия;
- Тау-кен кешені;
- Фармацевтика;
- Денсаулық сақтау;
- Энергетика салаларында іске асырылған.
«Шетелдік инвестиция тартудағы Қазақстанның нәтижелі жұмысының арқасында елімізге әлемнің ірі компаниялары қызығушылық танытып, ынтымақтастық орнатуда. Жоғарыда атап өткен құралдардың бірі инвестициялар туралы келісім жасасуға арналған стратегиялық ірі инвестициялық жобалардың пулы бүгінгі таңда 13 млрд доллардан астам 70 жобадан тұрады. Жобалар Нидерланд, Түркия, Ресей Федерациясы, АҚШ, Ұлыбритания және басқа шамамен 15 елдің инвесторларымен пысықталып жатыр. Шетелдік инвестициялардың басым бөлігі Қазақстан дамытуға мүдделі басым салаларға тартылатынын ескере отырып, инвесторлардың Қазақстан тарапымен ынтымақтастығы өзара тиімді әрі еліміздің саясатымен мақсатына сәйкес келетінін хабарлаймыз», деп жауап берді Ардақ Зебешев.