Жаңаөзендегі барлық жұмыссыз адамды «ӨзенМұнайГаз» еңбекпен қамти алмайды

Жарияланды

Бұл туралы Жаңаөзен әкімдігіндегі кездесу барысында «ӨзенМұнайГаз» АҚ басшысы Нұрдәулет Игілікұлы мәлім етті. Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, мұнай компанияларының басшылары жергілікті әкімдікпен кездесіп, жұмыссыздық мәселесін талқылады.

Ақпаратқа сәйкес, жергілікті тұрғындардың мұнай өнеркәсібіне жұмысқа орналасу мәселесі 2019-жылдан бері көтеріліп келеді. Сондықтан «ӨзенМұнайГаз» АҚ және Жаңаөзен қаласы әкімдігі бірлесе құрған алгоритмге сәйкес «ӨЗЕНИНВЕСТ» ЖШС, «Тазасу» ЖШС, «БН» ЖШС, «ӨзенМұнайГаз» АҚ компаниялары бүгінге дейін 4000-ға жуық азаматты жұмыспен қамтыған. Ал, сирек қолданыстағы мамандық бойынша 146 адам қызмет етіп жүр.

Алайда, Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Ұлбазар Орынбаеваның айтуынша, алгоритмге сәйкес әлі де 9996 адам жұмысқа орналасуға кезекте тұр. Оның айтуынша, Жұмысқа орналасқысы келген адам алдымен Өзенинвест мекемесінде уақытша қызмет етіп, аутсорсинг бойынша «ӨзенМұнайГаз» АҚ-на тұрақты жұмысқа орналаса алады.

Ал, «ӨзенМұнайГаз» АҚ басшысы Нұрдәулет Игілікұлының дерегінше, «ӨзенМұнайгаз компаниясы» 10 000- ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұдан артық адамды жұмыспен қамту компанияның экономикалық жағдайына кері әсерін тигізеді.

«Қазмұнайгазр ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов алдағы уақытта әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз жандарға алгоритм аясында «ӨзенМұнайГаз» АҚ компаниясына қарасты еншілес мекемелерге жұмысқа орналасуға ұсыныс білдірді, делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз