Шетел азаматтарының Қазақстан банктеріндегі қаражаты 3,2 есе өскен

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: kursiv.media

2022 жылы шетел азаматтарының Қазақстан банк жүйесіндегі қаражаты 3,2 есе өсіп, 0,7-ден 2,3 трлн теңгеге дейін жеткен. Осылайша, бейрезидент клиенттердің қаржысы өтімділік өсімінің үштен бірін қамтамасыз етіп отыр. Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары сыртқы нарықтағы геосаяси жағдай Қазақстанның қаржы жүйесінде бейрезиденттер қаржысының артуына ықпал етті деп тұжырымдайды.

Дегенмен банк жүйесінде бейрезиденттер қаражатының үлесі 10%-дан (7,5%) төмен. Қаржы ұйымдарының негізгі міндеттемелері де ел азаматтарының алдында болып отыр (92,5%).

Қазақстанға жасалған аударымдардың айтарлықтай өскеніне қарамастан (+395 млрд теңге), 2022 жылы ҚР қаржы ресурстарын нетто-жөнелтуші жарғысын сақтап қалды (679 млрд алынды, 1 038 млрд жіберілді).

Бұл ретте Ресей Федерациясынан аударымдар бойынша операциялар сальдосы 4 жылда алғаш рет ҚР үшін оң мәнде қалыптасқан: 196 млрд теңге жіберілді, 357 млрд теңге алынды.

Ал рубльмен жасалатын операциялардың қысқаруы банктерде рубльдің сұраныстан артық жиналуына ықпал етті. Басы артық рубль массасы көбейген үкімет банктердің рубльді шығаруына бір реттік рұқсат берді.

Бейрезиденттердің бұндай белсенділігі ЕДБ ресурсы динамикасына қатты әсер етті. Бұл қаражат ағыны қаржы институттарының бизнесіне, оның ішінде экономиканың ішкі субъектілеріне несие беру мүмкіндіктерін кеңейту есебінен оң әсер етті.

Бұл ретте шетелдік өтімділіктің жоғары ағыны (1,6 трлн теңге) оның салыстырмалы түрде жоғары өтімділігіне және қаржы шоты бойынша капиталдың жалпы ағынына (-11,2 млрд доллар) байланысты елдің валюта нарығына шектеулі әсер еткен.

Қазіргі кезде еліміздің қаржы нарығында 21 екінші деңгейлі банк бар. 

Қазақстандық банктердің активі 2022 жылы басынан бері 14,4 пайызға өссе, несие портфелі биыл 1 наурызда 24,3 трлн теңгеге жеткен.  

Бұған дейін қазақстандық банктердегі стресстік активтер мен капитал көлемі қанша екенін жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз