Halyk Bank пен Kaspi.kz жаңалықтарынан соң KASE индексі бірден өсті
Фото: kursiv.media
Қазақстан қор биржасының (KASE) негізгі индексі соңғы жылдағы ең жоғары өсімді көрсетті. Оған қор биржасы сайтындағы деректер дәлел.
Қор индексі ірі екі банк жаңалықтарының аясында өсті: Халық банк 2022 жылға таза пайдасының жартысын дивиденд ретінде төлеуге ниетті екенін жарияласа, ал Kaspi.kz Америка биржаларының біріне шығатынын мәлімдеді.
24 сәуірдегі сауда-саттық нәтижесінде Халық банктің акциялары – 9%-ға, Kaspi.kz бағалы қағаздары 5,5%-ға қымбаттады. KASE индексі 2,2% өсіп, 3 572,02 тармақ деңгейіне жетті.
Ал 25 сәуірдегі сауданың ашылуында Халық банк акциялары 0,6%-ға қымбаттаса, Kaspi.kz, керісінше, 3,1%-ға арзандады.
Бұған дейін АҚШ қор нарығы технологиялық компаниялардың қаржылық есебін күтіп отырғаны хабарланған болатын.