АҚШ қор нарығы технологиялық компаниялардың қаржылық есебін күтуде
Фото: shutterstock.com
АҚШ-тың Dow Jones Industrial Average және S&P 500 индекстері дүйсенбі күнгі сауда-саттықта жоғары көтерілсе, Nasdaq Composite технологиялық компаниялардың акциялары арзандауы салдарынан төмендеді.
Dow Jones Industrial саудада 0,2% өсіп, 33 875,4 тармаққа жетті. Ал Standard & Poor’s 500 3,52 пунктке (0,09%) – 4137,04 тармаққа дейін өсті.
Nasdaq Composite 35,25 ұпай (0,29%) жоғалтып, 12 037,2 тармаққа жетті.
Трейдерлер осы аптада Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) болашақ саясатына әсер етуі мүмкін бірқатар маңызды статистикалық мәліметтер жарияланады деп күтіп отыр. Атап айтқанда, бейсенбі күні АҚШ Сауда министрлігі І тоқсандағы жалпы ішкі өнім динамикасы туралы алдын ала мәліметтерін жариялайды.
АҚШ экономикасының қаңтар-наурыздағы өсу қарқыны төртінші тоқсандағы 2,6%-дан 2%-ға дейін төмендеуі ықтимал. Trading Economics сілтеме жасаған сарапшылардың консенсустық болжамы осындай.
Жұма күні америкалықтардың наурыз айындағы кірісі мен шығысы туралы есеп те жарияланады. Бұл есепте тұтыну бағасының динамикасы туралы деректер (PCE және PCE Core индекстері) келтірілмек. Сарапшылардың консенсус болжамы бойынша, азық-түлік пен энергия құнының өзгеруін есепке алмағанда, PCE Core индексінің өсу қарқыны наурызда ақпандағы 4,6%-дан 4,5%-ға дейін баяулауы мүмкін.
Сонымен қатар, S&P 500 индесіне кіретін 178 компанияның тоқсан сайынғы есебі де осы аптада шығуы тиіс. Тоқсандық есебін жариялайтын компаниялар қатарында Alphabet Inc., Microsoft Corp., Amazon.com Inc., Texas Instruments, Intel Corp. сынды ірі компаниялар бар.
Market Watch басылымы B.Riley Wealth сарапшысы Арт Хоганның «Корпоративтік есепке толы апта басында трейдерлер сақтықпен әрекет етіп жатқанын байқап отырмыз» деген сөзін келтіреді. Сарапшы АҚШ экономикасы рецессияға ұшырауы мүмкін деп тұжырымдайды.
Назарда болған акциялар
Дүйсенбі күнгі саудада Alphabet акциялары 0,5%-ға қымбаттаса, Microsoft, Amazon.com, Texas Instruments және Intel акциялар аздап арзандады.
Bed Bath & Beyond компаниясының акциялары дүйсенбі күнгі сауда-саттықта бірден 35,7%-ға құлдырады. Ритейлер АҚШ-тың Банкроттық туралы кодексінің 11-бабына сәйкес Нью-Джерси аудандық сотына банкроттық туралы арыз бергенін хабарлады.
Coca-Cola Co акциялары компанияның керемет табысына қарамастан, 0,16% төмендеді. Алкогольсіз сусын өндірушінің бірінші тоқсандағы түзетілген кірісі мен кірісі сарапшылардың болжамдарынан асып түсті. Сонымен қатар, Coca-Cola биылғы өз болжамдарын растады.
Fox Corp. акцияларының бағасы ең танымал тележүргізушілердің бірі Такер Карлсонның Fox News-тен кеткені жайлы жаңалық шыққан бойда 2,95%-ға төмендеді.
General Motors акциялары 2,2%-ға өсті. Автокөлік өндіруші тежегіш сұйықтығы ағып кететініy анықталған соң, 2019 жылдан бері шығарылған Chevrolet Silverado пикаптарын кері қайтарып алатынын хабарлады. Шамамен 40 428 көлікті кері қайтарылмақ.
Дүйсенбі күнгі саудада KASE индексі 2,18%-ға өсіп, 3 572,02 тармаққа жетті.
Өткен аптаның сейсенбі күнгі сессиясында АҚШ қор индекстері құлдырап, нарық кызыл түске боялды. 22 наурыздан бері ақырын көтеріліп келе жатқан S&P 500 қатты төмендеген.
Бұған дейін нарық жаңа есептерді күтіп отырғаны айтылған еді. Кеше инвесторлар корпоративтік есеп пен еңбек нарығының статистикасын бағалады.