«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына бюджеттен 162 млрд теңге несие беріледі
Үкімет Қаулысымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттары бекітілді.
Несие беру шартына сәйкес, бұл несие бюджеттік кредит. Ол:
«2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген 050 «Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға кредит беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша 162 600 000 000 (жүз алпыс екі миллиард алты жүз миллион) теңге сомасында беріледі, делінген құжатта.
Бюджеттік кредиттің сыйақы мөлшерлемесі 0,05 %, мерзімі 30 жыл. Несие теңгемен беріледі және қайтарылуы шарт. Кредиттің барлық сомасы «Самұрық-Қазына» қорының шотына біржолғы аударым арқылы жүзеге асырылады
«Игеру кезеңі бюджеттік кредит қарыз алушының шотына аударылған күннен бастап 1 (бір) жылды құрайды; бюджеттік кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жылына 1 (бір) рет жүзеге асырылады; бюджеттік кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы 10 жылды құрайтын жеңілдікті кезең өткеннен кейін тең үлестермен жүзеге асырады» делінген құжатта.