Сауда министрі Ауғанстан кәсіпкерлерін Қазақстанға шақырғысы келеді

Жарияланды
Серік Жұманғарин үкімет кулуарында
Фото: Kursiv.media

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ауғанстанмен сауда жандана бастағанын, сол себепті ауған кәсіпкерлерімен танысып, нарықты зерттеу қажет екенін айтты.

«Ауғанстанмен ынтымақтастық орнатып, сауда жасап жатырмыз. Ол жақсы жүріп жатыр – 1 млрд доллар. Оның көлемі Әзербайжан және Түркіменстаннан көп… Қос ел арасындағы сауда ынтымақтастығын арттырамыз. Бізде бидай, ұн, күнбағыс майының көлемін арттырудың нақты болашағы бар. Бұл мүмкіндіктен неге бас тартуымыз керек? Себебі бұл мемлекетімізге пайда әкеледі», – деді Серік Жұманғарин Үкімет кулуарында.

Сауда министрі Ауғанстанда сауда үйі ашылғанын айтты. Айтуынша, жауапты өкіл тағайындалған.

«Өкіл барлық жұмысты үйлестіреді. Өйткені Ауғанстанның аумағы үлкен және әртүрлі. Жергілікті кәсіпкерлермен танысып, нарықты зерттеу керек», – деді премьер-министрдің орынбасары.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин Қазақстанға ауған кәсіпкерлерін шақырғысы келетінін айтты.

«Ауған бизнесмендерін шақырып, бизнес-форум өткізгім келеді. Олар Қазақстанды және мұнда мүмкіндік барын көруге тиіс. Соңғы рет біз ол жаққа азық-түлік сатадындарды ғана емес, жер қойнауын пайдаланушыларды да апардық. Себебі Ауғанстан – пайдалы қазбаға өте бай ел. Олар қызығушылық танытты», – деді министр.


Сондай-ақ оқыңыз