Елде IMEI-коды қайталанатын 3,7 млн ұялы телефон бар – Мусин

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Еліміздегі ұялы операторлардың желісінде IMEI-коды қайталанатын 3,7 млн абоненттік құрылғы тіркелген. Бұл туралы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин мәлімдеді. Оның айтуынша, «сұр» импорт әдісімен әкелінетін ұялы телефондардың кесірінен жыл сайын бюджет 100 млрд теңгеден астам қаржыдан қағылып отыр.

«Сұр импорттың» схемаларының бірі елімізге ұялы телефон әкелу. Идентификациялық кодтар базасының дерегінше, қазіргі таңда еліміздегі ұялы байланыс операторларының желісінде IMEI-коды қайталанатын 3,7 млн абоненттік құрылғы бар. Ал, мемлекет төленбеген алымдар мен салықтардың кесірінен 100 млрд теңгеден астам сомадан қағылып отыр», деді Бағдат Мусин.

Оның айтуынша, IMEI-код дубликаттарының болуы құқық қорғау органдарына ұрланған ұялы телефондарды іздеу мен блоктау жұмыстарына да кедергі келтіреді.

«Осыған байланысты Цифрлық даму министрлігі идентификациялық кодтар базасын кедендік қызмет базасымен интеграциялауды және абоненттерді тіркеуде биометрияны қолдануды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда министрлік ІІМ-мен бірлесіп, IMEI-кодтарды ұрланған абоненттік құрылғылар реестрінде бар-жоғын тексеру үшін цифрлық сервис әзірледі», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Сондай-ақ оқыңыз