Жаңалықтар

Заңсыз әрекеттің барлығы Қайрат Сатыбалдының қамқорлығымен жасалды – Алагөзов сотта жауап берді

Астанада Гүлмира Сатыбалдағы қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 25 сәуірде өткен сот отырысында жәбірленуші Тұрсенғали Алагөзов сотта жауап берді.

«Ұрлау және өзінше билік етуге қатысты іс екі айға жуық уақытқа созылды. Ал мен көрген азап пен уайым шамамен бес жылға созылып келеді. Мұның бәріне Сатыбалдының заңсыз әрекеттері себеп болды. Оның барлық әрекеті Қайрат Сатыбалдының қамқорлығы арқылы жасалды. Шын мәнінде ешқандай дефолт болған жоқ және бәрі қолдан жасалды. Сатыбалды компанияны дефолт жағдайынан шығарудың себебін ойлап тауып, өзіне ешқандай қатысы жоқ компанияны құтқаратынын айтты. Осылайша өзін қазақстандық компанияларға көмектесетін қамқор әйел сияқты көрсетіп отыр. Бұл ретте ол менен, құрылтайшыдан және ірі акционерден көмек алғым келе ме деп сұрамады», – деді Алагөзов.

Айтуынша, Сатыбалдының бұл әрекеті Алагөзовтің намысына тиген.

«Осылайша намысыма тиіп, қазақстандық бизнес қоғамдастықтың алдында қорлады. Мені адам және кәсіпкер ретінде ішкі өз-өзімді бағалауымды төмендетті. Гүлмира Сатыбалды былай әрекет етті: адам ипотекаға пәтерді 10 млн теңгеге алды дейік. Бір млн теңге қарыз қалған кезде ішкі жанжалды пайдаланып, 100 мың теңге салады. Артынша пәтерді өз атына жазып алады. Содан кейін өзін пәтердің иесі деп жариялап, негізгі иесін пәтерден қуып шығады. Мен және Сатыбалды арамыздағы іс дәл осылай болды», – деді Алагөзов.

Оның сөзінше, сотталушы Алагөзовті нашар кәсіпкер деп атаған. Мұны жәбірленуші моральдық қысым деп атады.

«Сот процесі барысында да намысыма тиіп жатыр. Ол әлі күнге дейін сөзі мен іс-әрекеті арқылы адамның кәсібін тартып алуға және қорлауға болады деп санайды. Меніңше, ол әлі күнге дейін өзінің әрекетін мойындамай отыр. Ұяты бар адам оның орнында кешірім сұрар еді», – деді жәбірленуші.

Бұған дейінгі сот отырысында Гүлмира Сатыбалды өндіріспен айналысқысы келгенін айтты. Тұрсенғали Алагөзов мұны түсінбейтінін жеткізді.

«Қазір ол өндіріспен айналысқысы келгенін айтып отыр. Тәжірибелі кәсіпкер ретінде кенеттен сусын өндірумен айналысқысы келгенін түсінбедім. Өндіріспен айналысу үшін 10-20 жылдық тәжірибе болуы керек», – дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға соттауды сұрады.