Былтыр 20 мыңнан аса интернет-алаяқтық әрекеті жасалды – ІІМ

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Кейінгі бес жылда ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты интернет-алаяқтық саны өсті. 2018 жылы шамамен 4 мың қылмыс тіркелсе, 2022 жылы 20 444 әрекет жасалған. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сәденов мәлімдеді.

«Киберқылмысқа қарсы тұруға арналған ведомстволық бағдарлама бар. Мұнда банктерден және осы қылмыс жиі жасалатын микрокредиттік ұйымдардан қарыз алу кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізілді. Сондай-ақ цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, ауыстырылатын (подменный) нөмірден түсетін қоңырауды бұғаттау мәселесі пысықталды. 2023 жылдың 3 айында осындай 15 млн қоңырау бұғатталды», – деді Ержан Сәденов.

ІІМ мәліметіне сәйкес, үш айдың ішінде 165 интернет-алаяқтық тіркелді. Былтыр осы аралықта 4,5 мың жағдай тіркелген.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, елде банктер мен микроқаржылық ұйымдарда бір жылда 11 мың алаяқтық операция тіркелді.

«Былтыр банктер мен микроқаржы ұйымдарда 11 мыңға жуық алаяқтық операция тіркелді. Олардың тек 5 мыңы несиелерді алаяқтық жолмен рәсімдеуге қатысты. Бұл несиелерді онлайн рәсімдеумен байланысты», – деді Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік төрағасы алаяқттық жол бермес үшін микроқаржы ұйымдарда несие алу талабы айтарлықтай қатаңдатылғанын айтты. Оның ішінде екі факторлы сәйкестендіру, биометрия енгізілген.

«Осыған қарамастан алаяқтық операциялар саны өсіп жатыр. Бұл ақпараттық қауіпсіздік және қаржы институттарының қауіпсіздігі жүйесіне байланысты болып отыр. Сондықтан биыл құқық қорғау органдарымен бірлесіп, Ұлттық банк кредиттік алаяқтық схемаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі жол картасын әзірледі. Ол киберқауіпсіздікті күшейтетін бірқатар шараны қарастырады», – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз