Банк пен қаржы

ЕАЭО елдері арасында кредит тарихы туралы ақпарат алмасу қарастырылуда

Кредит тарихы
Фото: Shutterstock

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен қарыз алуған қазақстандықтар саны 1 869 адамды құрайды. Мұндай ақпаратты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Ұлттық банк дерегіне сүйеніп мәлімдеді.
Мәжілісте «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралды.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, келісім Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде әзірленді.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова келісімге қатысты нақтылаушы сұрақ қойды.

«Келісім бойынша бір мемлекеттің азаматы екінші мемлекеттің қаржы институтына жүгінген кезде азаматтың кредит тарихымен алмасу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл – қажет норма. Интернеттегі алаяқтықты азайтуға байланысты былтыр депутаттардың бастамасымен қаржы ұйымдарының кредит туралы ақпаратты беру мерзімі 15 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне азайтылды. Бұл бір уақытта бірнеше қаржы ұйымынан кредит алу мүмкіндігін болдырмауға септігін тигізген шара болды. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде дәл осындай шара қарастырылған ба?», деп сұрады Сүлейменова.


Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, одаққа мүше елдерде кредит туралы ақпарат беру уақыты әртүрлі.

«Еуразиялық экономикалық одақтың елдерінде қарыз туралы ақпараттың кредиттік бюроларға берілетін уақыты әртүрлі. Мысалы, Армения, Беларусь және Ресейде бұл 3 жұмыс күнін құрайды. Қырғыз Республикасында 5 жұмыс күні ішінде беріледі. Кредит туралы ақпараттың кредиттік бюроға берілу мерзімі Ұлттық заңнамаға сәйкес айқындалады. Бірақ бұл тәуекелдердің өсуіне әкелмейді. Себебі қарыз алушылардың саны мен қарыз көлемі көп емес. Ұлттық банк дерегіне бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен қарыз алушылардың саны 1 869 адамды құрайды. Берілген кредит көлемі – 8,8 млрд теңге. Заңды тұлғаларға келсек, 43 қарыз алушы бар. Қарыз көлемі – 110 млрд теңге», – деді Әбілқасымова.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов тұтынушылық кредитке қатысты сұрақ қойды.
«Агенттік болашақта тұтынушылық кредиттің көлемін азайтып, оны нақты экономикаға жіберу бойынша қандай шаралар қабылдайды?», деп сұрады депутат.

«Тұтынушылық кредиттердің тым өсуін шектеу үшін қазір бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Біріншіден, банктер мен микроқаржылық ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту.
Екіншіден, былтыр біз банктер мен микроқаржылық ұйымдардың капиталына талапты күшейттік. Банктер бойынша тәуекел саралау коэфиценттері 150%-дан 300%-ға дейін өсті, ал микроқаржылық ұйымдар бойынша капиталған қойылатын талаптар 5 есе ұлғайды. Одан басқа, біз проблемалық кредиттерді өсуіне жол бермес үшін микроқаржы ұйымдарында проблемалық кредиттің үлесі 20%-дан аспауы керек. Одан асса, біз олардың лицензиясын қайтарып аламыз.
Халықтың берешегін азайту үшін былтыр банктер мен микроқаржылық ұйымдар арнайы жоспар әзірледі. Осы жоспарда борыш жүктемесін азайту үшін әртүрлі шара көзделген. Мысалы, кредит проблемалық болса, сыйақы мөлшерлемесін азайту, кредиттің мерзімін ұзарту немесе толық кредитті есептен шығару шаралары бар», – деді Мәдина Әбілқасымова.


Айтуынша, банктер жеке жоспарында 633 мың қарыз алушыға қайта құрылымдау жүргізуді жоспарлап отыр. Бүгінде 267 мың адамның кредиті жеңілдетілді.

«Микроқаржы ұйымдары бойынша 568 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Қазір 388 мың адам микрокредиті реттелді. Сондай-ақ өте маңызды шара – енді қарыз алушының кредитінің борыш жүктемесі табысының 50%-нан аспауы керек. Мемлекет басшысының жарлығы шеңберінде қосымша шаралар қабылданады. Біріншіден, бұл коллекторлық агенттіктерге қатысты. Енді олар қарызды банктер мен микроқаржылық ұйымдардан сатып алғанда олар реттеу, жеңілдету шараларын қабылдамайды. Олардың ондай міндеті жоқ. Сондықтан біз заңды түрде коллекторлардың халықтың проблемалы кредиттерді реттеу шараларын қабылдау міндетін заңнамалық деңгейде енгіземіз», – деді агенттік төрағасы.

Сондай-ақ коллекторларға проблемалық берешегі реттелмеген кредитті сатуға толық тыйым салынады. Ол үшін заңға өзгеріс енгізіледі.
Агенттіктің хабарлауынша, аталған келісімнің мақсаты – Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың мәліметтерімен трансшекаралық алмасуға жағдай жасау.

«Келісім талаптары бойынша кредит есептерін трансшекаралық алмасу міндетті түрде жеке немесе заңды тұлғаның келісімімен жүзеге асырылады. Мұндай ақпарат кредит қатынастарын ресімдеу немесе мониторинг жасау мақсатында ғана беріледі», – деді Әбілқасымова.

Кредит туралы ақпаратты трансшекаралық алмасуды Қазақстанда екі кредиттік бюро іске асырады. Олар – «Мемлекеттік кредиттік бюро» және «Бірінші кредиттік бюро».

Одақтың басқа елдерінде уәкілетті ұйымдарға: Ресейде – алты кредиттік бюро, Қырғызстанда – екі кредиттік бюро, Армения мен Беларусьте – бір кредиттік бюродан кіреді.