First Republice Bank есебінен кейін АҚШ банк секторына қатысты қауіп күшейе түсті
Фото: shutterstock.com
First Republice Bank есебі банк секторына қатысты қауіпті күшейтіп жіберді. Оған қоса АҚШ-тағы жылжымайтын мүлік бағасы қүрт қымбаттаған.
Finmentor телеграм арнасының жазуынша, First Republice Bank-тің бір күн бұрын жарияланған нашар есебі АҚШ банк секторының жай-күйі жайлы қайта қорқыныш шақырып отыр. Оған қоса АҚШ тұрғын үй бағасының статистикасы да көңіл көншітпейді. 7 айдан бері арзандап келе жатқан баспана бағасы аздап өсім көрсетіп, инфляцияға қатысты алаңдауды күшейтті.
First Republic Bank өткен тоқсанда депозиттері 41%-ға азайғанын хабарлай сала, акциялары 49,4%-ға құлдырады. United Parcel Service акциялары болса, АҚШ-тағы бөлшек сауданың төмендеуі салдарынан бірінші тоқсандағы кірістің азаюына байланысты, шамамен 10%-ға арзандады.
Кеше Dow Jones индексі 1,02%-ға, S&P 500 және NASDAQ индекстері сәйкесінше 1,6% және 2,0% жоғалтқан. Дегенмен, негізгі сессия жабылғаннан кейін Microsoft пен Alphabet сарапшылар күткеннен де жақсы көрсеткіш көрсетіп, солардың арқасында бүгін жоғарыда аталған екі индекс фьючерстері сәйкесінше 0,5 және 1,3%-ға өсіп отыр.
S&P/CS Composite-20 тұрғын үй бағасы индексі ақпан айында 0,1%-ға өсті. Bloomberg шолушысы Гарфилд Рейнольдстің жазуынша, әлемдегі ірі капитал басқарушы компаниялардың инфляция болашағы жайлы пікірі бір жерден шығып отырған жоқ. Айталық, BlackRock пен DoubleLine Group ФРЖ негізгі мөлшерлемені төмендететініне бәс тігуге әлі ерте деп есептейтіндердің қатарында. Ал Allianz Global Investors және TCW Group өкілдері бұл пікірмен келіспейді.
АҚШ банк секторындағы проблемалардың жаңа толқыны әлемдік экономиканы рецессияға жылдам құлдыратады деген спекуляция негізінде шикізат секторы да зардап шекті. Bloomberg басылымы Commodity Spot Index 1,3%-ға құлдырағанын жазады. Атап айтқанда, Brent маркалы мұнай 80 долларға дейін арзандады.
Ал бүгін инвесторлар АҚШ-тың наурыз айындағы ұзақ мерзімді тауарларға тапсырысы туралы есеп пен АҚШ сауда балансының наурыздағы алдын ала статистикасына назар аударып отыр.
Негізгі оқиғалардан бөлек, нарық Джо Байденнің екінші президенттік мерзімге ресми ұсынылғанын талқылап жатыр. Бұл жаңалық әртүрлі реакция тудырып отыр, өйткені денсаулығы мәз емес АҚШ президенті қайта сайланса, екінші мерзім соңында оның жасы 86-ға таяп қалады.
Оған қоса нарықта ғарыш саласындағы сәтсіздіктер туралы айтыла бастады. Илон Масктың жұлдызды кемесі алғашқы сынақта жарылғаннан кейін, Айға қонған алғашқы коммерциялық компания болуға ұмтылған жапондық Ispace ғарыш кемесімен байланыстың үзілуіне байланысты миссия сәтсіздікке ұшару мүмкін екенін мәлімдеді.
Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 82,8 доллардан 80,8 долларға дейін төмендеді. USD/RUB валюта жұбы кеше 81,62 (+0,29) деңгейінде жабылды. USD/KZT жұбы кешегі күннің қорытындысы бойынша 453,80-ге дейін арзандады. Сәйкесінше, екі валюта арасындағы кросс-бағам 5,56 деңгейінде қалыптасты.