Жаңалықтар

Шетелдердегі Ресей активтері тәркіленсе, Кремль қарымта қайтарады: Путин жарлыққа қол қойды

путин
Фото: Shutterstock

Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің шетелдегі активтері тәркіленген жағдайда, Ресейде орналасқан шетелдік активтерді уақытша басқаруға рұқсат беретін жарлыққа қол қойды.

«Ресейдің шетелдегі меншігіне құқығы жойылып немесе шектелген жағдайда, Ресей Федерациясына жау елдердің активтеріне сырттан басқару енгізіледі», – делінген құжатта.

Дегенмен, жарлықта достық көңіл танытпаған елдердің активтерін уақытша басқару Ресей Федерациясы Президентінің шешімімен тоқтатылуы мүмкін екені жазылған.

Уақытша басқаруға берілетін активтер тізіміне Unipro және PJSC Fortum компанияларындағы шетелдік акционерлердің акциялары енді. «Коммерсантъ» басылымының хабарлауынша, ресейлік Unipro акцияларының 83,73% және Fortum акцияларының 98%-ы Федералдық мүлікті басқару агенттігінің уақытша басқаруына берілген.

Құжатта атап өтілгендей, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, бағалы қағаздар, жарғылық капиталдағы үлестер, мүліктік құқықтар уақытша басқаруға берілуі мүмкін.

Украина Президенті Владимир Зеленский әлемдік қаржы көшбасшыларының Вашингтонда өткен кездесуінде мемлекетті қалпына келтіру үшін шұғыл түрде 14,1 миллиард доллар қажет екенін айтып, бұл шығындарды шетелде бұғатталған ресейлік активтер есебінен өтеуді сұраған.

Ақпан айының соңында АҚШ қаржы министрі Джанет Йеллен Киевке тосын сапармен барып, АҚШ-тың Украинаны қолдайтынын айтқан. Содан кейін Зеленский Telegram-да Америка Құрама Штаттары Украинаға соғыстың алғашқы күндерінен бастап қару-жарақпен ғана емес, қаржылық жағынан да қуатты қолдау көрсетіп келе жатқанын жазды. Сол күні Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль Йелленмен Ресейге қарсы қосымша санкцияларды, соның ішінде Украинаны қалпына келтіру үшін тыйым салынған ресейлік активтерді тәркілеу мәселесін талқылады.

Өз кезегінде Джанет Йеллен журналистерге берген пікірінде Ресей орталық банкінің 300 миллиард долларға жуық бұғатталған активтерін тәркілеуде әлі де күрделі құқықтық кедергілер бар екенін айтқан.

Ресей 2022 жылдың 24 ақпанында Украинаға соғыс ашты. Артынша Путин ДХР мен ЛХР тәуелсіздігін мойындады. (Оларды Қазақстан және әлем елдері мойындаған жоқ). Ресей Федерациясының басшысы Украинада демилитаризация және денацификация жасайтынын мәлімдеді. Соғысып жатқан қос тараптың да шығыны бүгінде ондаған мың адамға жетті.