Қазақстан қаржы секторын ESG талаптарына сайкестендіру жүріп жатыр – ҚНРДА
Әлемдегі ESG активтерінің көлемі 2025 жылға қарай 50 трлн жетеді
Bloomberg-тің бағалауы бойынша ESG активтерінің әлемдік көлемі 2021 жылы 35 трлн долларды, 2022 жылы 41 трлн долларды құраған. Ал 2025 жылға қарай ESG активтерінің көлемі 50 трлн долларға жетеді деп болжанады. Ал Қазақстанның қор биржасында ESG-облигацияларының 11 шығарылымы 157 млрд теңгеге листингтен өткен. Бұл жайлы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева мәлімдеді.
2021 жылы қазан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу» жөніндегі халықаралық конференцияға қатысып, онда БҰҰ-ның «парниктік газдардың шығарындыларын нөлдік деңгейге жеткізу» жөніндегі бастамасын қолдаған болатын.
Ал 2023 жылдың 2 ақпанында Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығы жөніндегі стратегиясы қабылданды. Соған сәйкес елімізде қаржы секторын ESG принциптеріне негіздей отырып, трансформациялау шаралары қолға алына бастады.
ESG қағидаттарына экология, әлеуметтік жобалар және жауапты басқару мәселелері кіреді. Негізінен әлем бойынша инвесторлар ESG талаптары сақталатын компаниялармен жұмыс істеуге ниетті екен. Сонымен бірге қазақстандық инвесторлар да көбінде көміртекті көп бөлетін жобалардан бас тартып, жасыл экономикаға көбірек мән бере бастаған.
«Қазақстанда «жасыл» қаржыландыруды дамыту үшін барлық қажетті құқықтық орта қалыптасқан», дейді Мария Хаджиева.
Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаздар нарығы Департаментінің директоры Айдын Дәулетбақ ESG қағидаттарын енгізуге байланысты тәуекелді азайту мақсатында агенттік тарапынан бұл қағидаттарды қаржы ұйымдарының жұмысына енгізу кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын айтады.
«Мысалы ESG бойынша ақпарат жариялау биыл ерікті түрде жүзеге асырылып жатса. Ал 2024 жылдан бастап міндетті талап болмақ. Сонымен бірге агенттік Қазақстанның қаржы нарығын реттеу үшін ESG қағидаттарын енгізу саласында бұдан басқа да шараларды іске асыруды жоспарлап отыр», дейді.
Ол шаралар 2021 жылғы қаңтарда қабылданған Экологиялық кодекс негізінде жүзеге асырылып жатыр. Өйткен бұл заңнамада «жасыл» қаржыландыру және «жасыл» жоба ұғымдарының заңнамалық анықтамасы енгізілген. Сарапшылардың айтуынша сол кодекс негізінде «Жасыл» қаржыландыру нарығын дамыту үшін ESG-облигацияларын шығару және айналысқа енгізу мәселелері біршама реттелген.
Бұл облигациялардан түскен қаражат сәйкесінше экологияға, қоршаған ортаны қорғауға, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.
«ESG-облигацияларды орналастырудан түскен ақшаны мақсатсыз пайдалану жағдайларын болдырмау үшін міндетті түрде сыртқы бағалау немесе верификациялау рәсімдері көзделген. Ал верификациялауды ESG қағидаттарына сәйкес халықаралық қаржы ұйымдары, аудиторлық және консалтингтік ұйымдар жүзеге асырады», дейді сарапшылар.