Қытайлық CNPC Қазақстандағы қызметін кеңейтуге мүдделі
Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қытайлық CNPC компаниясының вице-президенті Хуан Юнчжанмен кездесті. Оның барысында энергетика саласындағы жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
CNPC Қазақстанның энергетика саласындағы 25 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатыр. Қазақстан үкіметі осы бағытта ынтымақтастықты дамытуға ниетті.
«Біз мұнай-газ саласының барлық секторындағы ірі жобаларды бірлесе жүзеге асырған жылдар аралығында сенімді серіктестік қатынас орнаттық. Қазақстан үкіметі стратегиялық ынтымақтастығымызды әрі қарай да тереңдетуге ниетті», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Ал, өз кезегінде CNPC компаниясының вице-президенті Хуан Юнчжан , компания Қазақстан Республикасындағы қызметін кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
«Қытай мен Қазақстан – тату көршілер. CNPC елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға үлес қосуға дайын», — деді Хуан Юнчжан.
Кездесу барысында тараптар мұнай экспорты, Қазақстандағы CNPC жұмыскерлерінің еңбек жағдайын жақсарту, сондай-ақ басқа да бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.