Судандағы жағдайға байланысты қазақстандықтарды эвакуациялау жұмыстары жалғасуда

Жарияланды

Судандағы жағдайдың шиеленісуі жалғасуда. Ағымдағы жылдың 15 сәуірде Суданның Ұлттық қорғаныс күштері мен Жедел әрекет ету күштері арасында қарулы қақтығыс басталды. Қазір Хартум қаласында және елдің басқа аймақтарында соғыс қимылдары жалғасуда. Қақтығыс тараптары жариялаған үш күндік гуманитарлық бітім қайта-қайта бұзылуда. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Судандағы соғыс қимылдары басталған сәттен бастап Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшілігі қазақстандық азаматтарды қақтығыс аймағынан эвакуациялау мәселесін барынша пысықтауға кірісті.

Эфиопияда тіркелген бірқатар елшіліктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесулер өткізіліп, оларға Қазақстан Республикасының азаматтарын Суданнан эвакуациялауға көмектесу үшін ресми өтініштер жіберілді.

Бүгінгі таңда Қазақстанның бірқатар азаматтары қақтығыс аймағынан эвакуацияланды. Қазақстан азаматтарын Эфиопия мен Сауд Арабиясы Корольдігінің аумағы арқылы эвакуациялау жұмыстары жалғасуда.

Эфиопиядағы ҚР Елшілігі азаматтарымызды Суданнан келісілген және қауіпсіз шығару үшін Мысырдағы және Сауд Арабиядағы ҚР дипломатиялық өкілдіктерімен тығыз байланыста.

Елшілік Эфиопия Сыртқы істер министрлігіне, БҰҰ-ның Судан мен Эфиопиядағы бөлімшелеріне, сондай-ақ Түркия, Ресей және Жапония елшіліктеріне Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға белсенді көмек көрсеткені үшін алғысын білдіреді.

Сондай-ақ оқыңыз