Биылғы қаңтар мен сәуір айлары аралығында Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарымен бірге прокуратураның үйлестіруімен заңсыз қару айналымындағы қаруды іздестіру және тәркілеу бойынша, «қаңтар оқиғалары» кезінде ұрланған қаруға қатысты бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Нәтижесінде Қазақстанның 11 аймағында 268 бірлік қару, оның ішінде 38 «Калашников» автоматы, 126 мылтық, 104 тапанша, 21 граната, 4 жарылғыш құрылғы, түрлі калибрлі 30199 оқ-дәрілер, сонымен қатар броньды кеудеше, қорғаныш дулығасы, қол-кісендер, автомат оқжатарлары, қалқандар мен радиостанциялар тәркіленді» делінген ақпаратта.
Ақпаратқа сәйкес, жасырылған қару мен оқ-дәрілердің негізгі бөлігі: Алматы (4), Байқоңыр (1), Қостанай (1), Семей (1), Өскемен (1), Ақтөбе (1), Алматы облысы (3), Жамбыл облысы (4), Жетісу облысы (2), Павлодар облысы (1), Солтүстік Қазақстан облысында (3) табылыпты.
Сонымен қатар, Алматы қаласында ірі көлемде заңсыз қару айналымын жасап келген қылмыстық топ әрекетінің жолы кесілді.
«Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Заңсыз айналымдағы қаруды іздеу мен тәркілеу жалғасуда» делінген ақпаратта.