«Елдікті бұзу, бірлікті шайқалту, бұл – заң алдында – қылмыс» – Мемлекет басшысы
Қазақстан паспорты бірлік пен келісімге негізделген прогрессивті құндылықтарды көрсетеді. Мұндай пікірді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында айтты.
«Біздің паспортқа ие болу – халықаралық аренасында құрметті елдің азаматы болу, барлық елге кедергісіз бару және өзін қазіргі әлемнің ажырамас бөлігі ретінде сезіну. Бұл әрқашан және барлық жерде мемлекетінің қорғауында екенін сезінуді білдіреді. Қазақстан паспорты біздің бірлігіміз бен келісімімізге негізделген прогрессивті құндылықтарды көрсетеді. Қазақстанның көк туы біздің қасиетті тәуелсіздігіміз бен ғасырлар бойғы мемлекеттілігімізді айқын бейнелейді», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Тоқаев өз сөзінде Қазақстанда тұратын әр азамат өз болашағын осы елмен тығыз байланыстыруы керек деп атап өтті.
«Әрбір азамат өз болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыруы керек. Сонда ғана халқымыз біртұтас ел болып тұра алады. Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайды. Қоғамда мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол берілмейді. Әрқайсымыз – Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақтың перзентіміз. Бәріміз – бүгінгі өмірі және болашағы – бір бауырлас азаматтармыз», – деді мемлекет басшысы.
Айтуынша, мемлекет этносаралық, тілдік және әлеуметтік негіздегі барлық арандатушылықты заң аясында қатаң түрде тоқтатады.
«Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл мәселені ерекше бақылауда ұстайды және заңға сәйкес әрекет етеді. Бұл ретте еліміздің әрбір азаматы өз сөзі мен іс-әрекеті үшін жауапкершілікті сезінуге тиіс», – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықты елдің береке-бірлігін бағалай білуге шақырды.
«Шын мәнінде, ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету – ең жауапты әрі сауапты іс. Елдікті бұзу, бірлікті шайқалту, бұл – заң алдында – қылмыс, құдай алдында – күнә. Осыны бәріміз терең түсінуіміз қажет»