Фото: kursiv.media
Қазақстан үздіксіз білім беру қауымдастығының мәліметінше, еліміздегі 11 мыңнан аса мектепке дейінгі ұйымның 50%-ы – жекеменшік. Мектепке дейінгі білім беру саласындағы 97,4 мың ұстаздың 41,5 мыңы ауылдық жерлерде, 55,8 мыңы қалада жұмыс істейді. «Балалық шаққа инвестиция» мектепке дейінгі білім инвесторларының IV республикалық форумына жиналғандар арнайы жобалары үшін инвестор керек екенін айтты.
Жиында кәсіби шешімдерді табу үшін білім беру саласындағы инвесторлармен ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланған.
«Осыдан 20 жыл бұрын мемлекеттің мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысына көзқарасы, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау саясаты, нарық заманына дайын емес еді. Сол үшін білім заңына, басқа да заңдарды өзгерту керек болды. Мұның бәрін өткердік. Мәселелерді шешу үшін қауымдастықтар құрылып, заңдарға өзгерістер енгізіле бастады», – деді «Bilim Invest» Ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының вице-президенті Күләнда Батырбекова.
Ал «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов мектепке дейінгі білім беру саласында жеке сектор үлесінің артып келе жатқанын атап өтті.
«Келер жылдары жеке сектордың үлесі арта түседі. Жеке сектор мемлекеттің әлеуметтік серіктесіне айналып келеді. Осы бағытта педагог қауымның да, әлеуметтік кәсіпкерлік ұйымдардың рөлі өседі», – деді Мақсат Қиқымов.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева мектепке дейінгі білім берудің дамуына жақсы демография да әсер етіп жатқанын айтты.
«Бізде жақсы демография қалыптасып келеді. Әрине, демография мектепке дейінгі ұйымның даму сапасына әсер етеді. Қазір елді 11 мыңнан аса мектепке дейінгі ұйым бар. Бала жайлы, қолайлы жағдайда тәрбиеленіп, білікті пелагогтар білім беруі керек. Елімізде бала туу жоғары көрсеткіші 2013-2014 жылдары болды. 2022 жылдан бастап ұйымдардың жүктемесі 10 есе өсті деуге болады. Келер шақта педагог сұранысқа ие болады. Мұнда балабақшалардың бәсекеге қабілеттілігі үлкен рөл атқарады. Педагог үнемі өзін-өзі жетілідіріп отыруы керек», – деді Наталья Жұмаділдаева.