Павлодар облысының шекарасы өзгереді: Курчатов қаласының жері Абай облысына берілмек
Фото:e-history.kz
Бүгін Павлодар облыстық мәслихатының II кезектен тыс сессиясында Үкіметке облыс шекарасын өзгерту туралы ұсыныс енгізу мәселесі қаралды. Бұрын Павлодар облысына қарайтын Курчатов қаласының жері Абай облысына беріледі, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz сайты.
Бұған дейін жері Павлодар облысының аумағына кіріп, қаланың өзі Шығыс Қазақстан облысына бағынған Курчатов қаласын жер аумағымен бірге жаңа облысқа қосу Абай облысының шекараларын сәйкестендіру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
ҚР Президентінің 2022 жылғы 3 мамырдағы №887 жарлығымен Шығыс Қазақстан облысы құрамынан 8 аудан және Семей мен Курчатов қалаларын бөлу жолымен Абай облысы құрылған болатын.
Жиынға қатысқан Павлодар облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтың айтуынша, Курчатов қаласының ауданы жалпы 11 мың га құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы бағытындағы жер көлемі – 9,1 мың га.
«Павлодар облысының бюджетіне Курчатов қаласынан салық түспейді. Жер және мүлік салығы Курчатов қаласының бюджетіне түседі. Аталған жарлықты іске асыру мақсатында Павлодар облысы әкімдігінің және облыстық мәслихатының ҚР Үкіметіне Павлодар облысының шекарасын өзгерту туралы ұсыныс енгізу туралы бірлескен қаулы және шешімі мен жобасы әзірленді», – деді Мұрат Хамитов.
Депутаттар бұл мәселе мәслихаттың аграрлық мәселелер бойынша комиссиясында қаралғанын атап өтіп, Үкіметке ұсыныс енгізуге бірауыздан дауыс берді.