«Журналистердің ұсталуы олардың кәсіби қызметімен байланысты емес» – министр
Фото: Асқар Ахметуллин
Журналист Владимир Северный мен Наргиз Севернаяның ұсталуы олардың кәсіби қызметімен байланысты емес. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы кулуарында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі осылай деді.
Бұған дейін Махамбет Әбжан, Михайл Козачков, енді Северныйлар отбасының ұсталғанын айтқан тілшілер министрден » журналистерді тазарту жүріп жатыр ма» деп сұраған.
«Мен олай деп ойламаймын. Біз журналистерге шабуыл кезінде әрдайым олардың құқығын қорғадық. Оған қатысты мәлімдеме жасадық. Шабуылдардың біразы анықталды. Енді кейбір әріптестерге журналистік қызметіне қатысты… Онда бопсалау және тағы басқа мәселелер болса, ол тергеудің шеңберіне кіреді. Сондықтан жалпы біз журналистер құқығының бұзылмауына мән береміз», деді министр.
Журналистердің Владимир және Наргиз Северный отбасына қатысты Ақпарат министрлігінен мәлімдеме бола ма деген сауалына Дархан Қыдырәлі олардың ұсталуы журналистік қызметіне байланысты емес деп жуап берді.
«Мен таза журналистік қызмет деп ойламаймын. Оған қатысты біз тиісті құрылымнан мәлімет сұраймыз. Тергеу жүріп жатқандықтан мен бұған қатысты мәлімет айта алмаймын», деді Дархан Қыдырәлі.
Журналистердің ұсталғаны 21 сәуірде белгілі болды. Бұл туралы олардың балалары хабарлады. Республиканың Ішкі істер министрлігі журналистердің ұсталғаны туралы ақпаратты растап, олар ақша бопсалады деген күдікке ілінгенін айтты.