Ресей санкцияларға байланысты мұнайға қатысты ақпаратты шектеді

Жарияланды

Ресейдің Энергетика министрлігі мұнай өндірісі мен экспортына қатысты деректерді таратуға шектеу қойды. Министрлік компанияларға қатысты қысым көрсету мүмкіндігін ескере келе, осындай шешімге келген. Ал бұған дейін Отын-энергетикалық кешені орталық диспетчерлік басқармасы мұнайдың ай сайынғы статистикасын жариялауды тоқтатқан болатын.

Ресей энергетика агенттігі Отын-энергетикалық кешеннің орталық диспетчерлік басқармасы ресейлік компанияларына жасалуы мүмкін ықтимал қысымға байланысты мұнай өндіру және экспорттау туралы ақпаратты жариялауды тоқтатқанын хабарлаған болатын.

«Ресей экономикасының тұрақтылығын арттыру бойынша мемлекеттік шараларды ескере отырып, Ресей энергетикалық агенттігінің филиалы саналатын Отын-энергетика кешенінің орталық диспетчерлік бөлімі Ресей нарығына және оның қатысушыларына қосымша қысым ретінде пайдаланылуы мүмкін ақпараттың таралуын шектейді», делінген «Интерфакс» жариялаған баспасөз хабарламасында.

Бұл хабарламада салалық статистикалық деректердің санкцияларға байланысты «сезімтал» екендігі айтылып, Ресей энергетикалық агенттігінің филиалы саналатын Отын-энергетика кешенінің орталық диспетчерлік бөлімінің контрагенттерінің қызметіне қауіп төндіретіні жазылған.

Әдетте Орталық диспетчерлік бөлім әр айдың екінші күні ресейлік Отын-энергетика кешенінің жұмысы туралы ақпаратты жариялайтын. Алайда 2 сәуір күні «техникалық себептерге байлынсты» ақпарат жарияланбады. Ал кейінірек ОДБ белгісіз мерзімге бірқатар ақпараттық өнімдерді беруді тоқтатқанын хабарлады. Сонымен қатар, ай сайынғы негізде мұнай өндіру динамикасы, өндірушілердің мұнайды өндіруі, оның ішкі нарыққа және экспортқа жеткізілуі, автобензинді жөнелту туралы мәліметтерді жариялауды тоқтатты.

Ал 11 сәуірде Ресейде мұнай мен газ конденсатын өндіру 10 миллион баррельден төмен түсіп кетті.

Reuters агенттігі: «Бұл 2020 жылдың шілдесінен бергі ең төменгі көрсеткіш», деп жазды.

Халықаралық энергетика агенттігі «Сәуір айында Ресейдің мұнай өндіруі тәулігіне 1,5 миллион баррельге төмендеуі мүмкін», деп болжады. Агенттік мұны Ресейге қарсы санкцияларға байланысты сатып алушылардың ресейлік мұнайдан бас тартуына байланысты мұнай өңдеу зауыттарының өндіріс қарқынын төмендетуімен байланыстырды. Ал мамыр айында, Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша, Ресейде мұнай өндіру көлемі тәулігіне 3 миллион баррельге төмендеуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз