Қазақстанда Еуропамен салыстырғанда су 3 есе артық жұмсалады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қазақстан – суы аз әрі тапшы мемлекет саналады. Негізінен су тапшылығы суды шектен тыс қолдану салдарынан пайда болады. Қазақстандықтар суды Еуропа халқымен салыстырғанда 3 есе артық жұмсайды. Экологтар бүгінде елдегі өзендер мен көлдердің тартылып жатқанын, «судың сұрауы бар» екенін ескертті. Бұл орайда мамандар азаматтардың балаға кішкентайынан, су үнемдеу мәдениетін сіңіруі қажет деп санайды. БҰҰ болжамы бойынша 2030 жылға қарай әлем бойынша су тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін. Бұл жайлы ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы айтты.

«2000 жылдан бастап азаматтарымызды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде бүгінгі күні халықтың сумен қамтылу деңгейі 96,8 пайызды құрады. 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен халықтың 100 пайызын қамтамасыз ету міндеті тұр», деді комитет өкілі.

Ал өңірлер бойынша айтар болсақ, қалалар бойынша халықтың сумен қамтылуы 98,4 пайызды құрайды. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Жетісу, Алматы облыстарындағы қалалар толықтай сумен қамтылған. Ауылдық елді мекендер бойынша көрсеткіштер сәл төмен – 94.5 пайыз. Оның ішінде ең төменгі көрсеткіштер Қостанай облысы (80,4 пайыз), Солтүстік Қазақстан облысы (85%), Ақмола облысында (89,8%) тіркелген.

«Бұл теңсіздікті жою бойынша жұмыстарды жандандыру қажет. Осыған байланысты көрсеткікштері төмен өңірлерге қаражат республикалық бюджеттен басым негізде бөлініп келеді. Қазақстан бойынша сумен жабдықтауға биыл 280 млрд теңге қаражат қарастырылған. Оған 402 жоба жүзеге асырылады. Атап айтатын болсақ, қалаларға 167 млрд теңе бөлінді, оған 135 жоба жүзеге асырылмақ. Ал ауыл халқын сумен жабдықтауға 137 млрд теңге бөлініп, бұл қаражатқа 267 жоба қамтылады. Нәтижесінде ауыл халқының 96,3 пайызы ауызсумен қамтамазы етіледі», деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Оның дерегінше, елімізде тұщы жер асты суларының негізгі ресурстары, нақтырақ айтсақ, 57 пайызы оңтүстік өңірлерде шоғырланған.
Ал Атырау, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және Ақмола облыстарының тұщы жер асты суларының ресурстары шектеулі. Мұндай жағдай халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарын біршама қиындатып отыр. Десе де, алдағы уақытта тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымды дамыту арқылы барлық елді-мекендер мен қалаларды ауыз сумен қамтамасыз ету тұжырымдамасы бекітілген. Аталмыш тұжырымдама Үкімет қаулысымен былтырғы жылы бекітіліп, қазіргі таңда сол құжат негізінде іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы, министрлік дерегінше, 19,7 млн халықтың 19,1 миллионы ауыз сумен қамтылған. Ал қалған 600 мың азамат 2025 жылдың соңына дейін толықтай ауыз сумен қамтамасыз етілмек.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «судың да сұрауы бар» екеніy айтып, суды үнемдеуге шақырды. Өйткені Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров  биыл жазда электр қуаты мен су, жылу бағасы қымбаттайтынын айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз