2030 жылға қарай Қазақстан ілеспе газ өндіру көлемін 87,1 млрд текше метрге жеткізбек

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Алдағы бірнеше жылда Қарашығанақ кен орны кеңейтіліп, Қашаған МӨЗ қуаты жылына 4 млрд.м3 жеткізіледі. Қарашығанақ кен орнының шикізат базасында қуаты жылына 4 млрд. м3 газ өңдеу зауыты салынады, Бутадиен өндірісі бойынша зауыт салынады және оның өндіріс қуаты жылына 149 мың тоннаны құрайтын болады. Сонымен бірге қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешені салынып және жер қойнауын пайдалануға қатысты тағы да басқа ірі жобалар жүзеге асырылмақ.

Бұл туралы «Ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулысында жазылған. Қаулы «Ашық НҚА» порталында талқылаудан өтті.

16 сәуірге дейін талқыланған қаулыда ел бойынша мұнай өндіру деңгейін арттыру, газ өндіру көлемін ұлғайту және тиісінше шикі газдың қосымша көлемін қайта өңдеу, ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету, аралас салаларда өнеркәсіп өндірісін дамытуды ынталандыру сынды мәселелер қамтылған. Сондай-ақ Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 6 миллионнан жылына 9-12 млн тоннаға дейін жеткізу жоспары да бар.

«Жаңа күрделі жобаларды игеруді ынталандыру, жеңілдіктер түріндегі мемлекеттік қолдау жақсартылған модельдік келісімшарт арқылы құрлықтағы және теңіздегі капиталды қажет ететін жобаларды қамтиды және жетілген кен орындары кешенді жоспарда көзделген мерзімдерде жаңа ынталандырушы салық режиміне көшеді», делінген құжатта.


Қаулыда негізінен ірі мұнай-газ жобалары, газ жобалары, мұнай-газ-химия және мұнай өңдеу жобалары, жер қойнауын пайдалану сынды салаларды дамытуға басымдық берілген.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 104 мұнай-газ өндіруші кәсіпорын 295 кен орнын игеріп жатыр. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сынды үш ірі кен орнында көмірсутектерді өндірудің жалпы көлемі 60%-ды құрайды. Алдағы уақытта сұйық көмірсутектерді өндірудің ағымдағы деңгейін жылына 11 млн тонна деңгейінде ұстап тұру көзделген. Бұл жобаларды іске асыру 2018-2025 жылдарға жоспарланған, ал инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 5 млрд долларды құрайды.

Газ өндіру саласын алатын болсақ, бұл сала Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатында шешуші рөл атқарады. Елде газдың ең бай ресурстары бар. Ал әлем бойынша Қазақстан 22-ші, ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-ші орында тұр. Барланған газ қорларының шамамен 98%-ы Қазақстанның батысында, бұл ретте 87%-ы ірі мұнай-газ және мұнай-газ конденсаты кен орындарында шоғырланған. Елімізде негізінен ілеспе мұнай газы өндіріледі. Бұл өндірілетін газдың 80%-ын Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол жобаларына тиесілі.

Аталған қаулыға сәйкес 2030 жылға қарай, бұл кені орындарынан ілеспе газ өндіру көлемі 87,1 млрд м3 жеткізу жоспарланған. Бұл орайда Қазақстан Республикасының аумақтарын одан әрі газдандыру және ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге басымдық берілмек.

Сонымен бірге жобада мұнай-газ-химия өнеркәсібі елдің өңдеу саласын дамытудың перспективалы бағыты ретінде жоғары бағаланған. Мамандар бұл саланың жоғары мультипликативтік әсерге ие екенін алға тартқан. Әсіресе, құрылыс, автоөнеркәсіп, медицина, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сынды аралас салаларда өнеркәсіптік өндірісті дамытудағы рөлі ерекше. Сол себепті де құжатқа сәйкес мұнай-газ-химия өнеркәсібі саласын дамыта отырып отандық хош иісті көмірсутектерді, полипропиленді, майлау майларын, метил-терт-бутил эфирін өндіріп, олардың жалпы қуаты жылына шамамен 1350 мың тоннаға жеткізуге болады. Бұл саланы дамытуға «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы атсалысады. Қаулыға сәйкес мұндай өндіріс орындарына салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылып, дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз