«Тілге қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие» – Тоқаев
Фото: Ақорда
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді.
«Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет», деді Президент.
Оның айтуынша асырасілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермеу қажет.
«…парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн. Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дегенмен, Президенттің пікірінше, қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет. Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болатынын атап өтті, ол.
«Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.