Екібастұз ЖЭО-сын жаңғыртуға шамамен 15 млрд теңге қажет
Фото: kursiv.media
Екібастұз жылу электр орталығына жаңғырту жүргізуге 15 млрд теңге қажет. Бұл туралы
Орталық Азия энергетикалық компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Орал мәлімдеді деп жазады Interfax.
«Жоспарға сәйкес, 8 қазандық агрегатқа күрделі жөндеу жүргізілетін болады, оның ішінде 6 қазандық ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына дейін тапсырылады», – деп мәлімдеді Бағдат Орал.
Ол жөндеуге 400-ге жуық адам қатысатынын айтты.
Қазақстанда 2022 жылы 27 қарашаға қараған түні жылу желілеріндегі зақым Екібастұздағы ЖЭО-да қазандықтардың тоқтауына әкеп соқты. Қала 30 градустық аязда жылусыз қалған еді. Сондай-ақ, Рудный қаласында (Қостанай облысы) құбырдың жарылуына байланысты 20 градустық аязда бірнеше ондаған көпқабатты үйлер мен мектеп жылусыз қалды. Осындай апат Өскеменде (Шығыс Қазақстан облысы) және басқа да бірқатар қалаларда болған.
Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылыту маусымына толық көлемде және мерзімінде Екібастұз ЖЭО жаңғыртуды аяқтауды тапсырған болатын.