Сыбайлас жемқорлардан қайтарылған 122 млрд теңгеге мектеп салынады
Сыбайлас жемқорлардан алынған қаражат 72 жаңа мектептің құрылысына жұмсалады. Ел үкіметі сыбайлас жемқорлардан сот арқылы алынып, мемлекетке өткен ақшалай қаражатты мектептердің құрылысына беру механизмін бекіткен. Тиісті түзетулер енгізілген қаулыға ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қол қойды, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 121,7 млрд теңге түскен.
«Республикалық бюджет комиссиясы 106,7 млрд теңгені құрайтын 72 жобаны қолдады. Атап айтқанда: 94,1 млрд теңге 85 мың орындық 69 мектептің құрылысын аяқтауға; тағы 12,6 млрд теңге 3 жаңа нысанның(екі ауысымда 1400 орынға арналған 2 мектеп және 200 орындық мектеп-интернат) құрылысын аяқтауға бағытталады», делінген хабарлама.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жемқорлардан алынған қаражатты білім беру инфрақұрылымын қолдауға бағыттауды тапсырған болатын.
Бұған дейін қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев елімізде жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген 120 млрд теңге арнайы шотта жиналғанын хабарлаған.