Фото: kursiv.media
Жер қойнауын пайдалану саласына жаңа саясат қажет
MINEX Kazakhstan-2023 XIII Минералды-шикізаттық ресурстық базасын арттыруға арналған форум кезінде жер қойнауын игеру мен аса маңызды пайдалы қазбалардың өндірісін дамытуға қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шарханның айтуынша, пайдалы қазбалардың қоры жағынан еліміз үздік мемлекеттердің қатарында. 2017 жылы жүргізілген құқықтық реформа арқылы геологиялық барлауға жеке инвестицияларды тартуға жол ашылды.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде 700-ден астам отандық юниор компания құрылып, сондай-ақ республикаға әлемдік нарықтың ірі ойыншылары тартылды. Қазір белгіленген учаскелерде зерттеу жұмыстарын нығайтып, геологиялық мәлімет алудың перспективаларын айқындау үшін мемлекеттік бюджеттің есебінен жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр», деді И.Шархан.
Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров 2027 жылға дейін белгіленген отандық геология саласын дамыту тұжырымдамасының іске асырылуы жөнінде қысқаша айтып берді.
«Қазақстанда геологиялық зерттеу мен барлау жұмыстарын күшейту үшін жүйелі шараларды қабылдауға тура келді. Осы бағыттағы өзекті мәселелерді шешудің тетіктері Геология саласын дамытудың 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасында айқындалған. Маңызды құжаттың негізгі мақсаты – пайдалы қазбаларды барлау ісіне инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау», деген комитеттің басшысы геология саласындағы инвестициялық жобаларды талқылап, таныстыруға дайын екенін жеткізді.
Иран Шархан «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының кодексі қабылданғаннан бері Қазақстан 2023 жылдың 27 наурызы мен 1 қыркүйегі аралығындағы мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына шамамен 1,6 миллион шаршы шақырым аумақты енгізгенін атап өтті.
Сондай-ақ цифрландыру мәселесі де сөз болды. Қазақстан Үкіметінің бағалауынша, цифрлы технологияның жұмыс істеуі 25 млрд доллар пайда әкелуі мүмкін. Соның 9 миллиарды тау-кен секторынан алынбақ. Алайда елде 2017 жылы өткізілген талдау деңгейіне қарасақ, мәз емес нәтижелерге кез боламыз дейді сарапшылар. Себебі көптеген тау-кен байыту және металлургиялық комбинаттар Кеңес заманында тұрғызылған жәнке тиімділік пен өндіріс қауіпсіздігі бойынша талаптарға жауап бере алмайды. Тау-кен кәсіпорындарының жартысынан астамы әлі 2.0 Индустрия кезеңінде және толық автоматтандырылмаған.
Форум ұйымдастырушысы Артур Поляковтың айтуынша, Қазақстанда қатты қазба байлықтың түр-түрі бар, бірақ соны іздестіру, барлау жұмыстары кенжелеп тұр. Көп сарапшының Қазақстанның минералды және шикізат потенциалын айта келе тоқтайтын байламы – жер қойнауын пайдалану саласында жаңа саясат енгізу қажеттігі.
«Сонда ғана тәуір экономикалық нәтижеге қол жеткізіп қоймай, жаңа зауыт салуға дайын шетелдік ірі компаниялар үшін перспективалы болып көрінуге болады», дейді олар.
Жалпы, тау-кен металлургия өнеркәсібі Қазақстан экономикасында үлкен маңызға ие. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 17,5 пайыз шамасында және экспорт құны 10,5 млрд долларға жуықтайды (2021 жылдың қорытындысы бойынша). Салада 273 мың адам жұмыс істейді.
2021 жылы мемлекеттік бюджетке салық түсімдері 25 пайызға өсті, бұл әлемдік шикізат нарықтарындағы бағалардың өсуіне байланысты ең көп өсім өндіруші салаларда болды. Алайда, 2022 жылы тау-кен өнеркәсібіне шетелдік инвестицияның 11,7 пайызға артуына қарамастан, сектордағы өсім төмендеді. Халықаралық нарықтардың құбылмалылығынан басқа, бұл сала кеңес дәуірінен қалған ескірген технологиялар мен басқару тәжірибесіне байланысты қиындықтарға тап болып отыр.