Банктердегі төлеу мерзімі 90 күннен асқан несиелер көлемі 12 млрд теңгеге жетті

Жарияланды


Елімізде микро қаржы ұйымдарындағы проблемалы кредиттердің деңгейі 5,4%-ды құрап отыр. Бұл жайлы «Жаңа Қазақстандағы жаңарған Collection» атты коллекторларға арналған конференцияда айтылды.

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің статистикасына сәйкес 2023 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша ҚР банктеріндегі төлеу мерзімі 90 күннен асқан берешек деңгейі жыл басынан бері 12 млрд теңгеге жетіп, 3,4%-ға көтерілген. Сарапшылар бұл көрсеткіштің жылдан жылға көтеріліп келетінін айтады.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі директоры Ләззат Үсенбекова жалпы несие алу статистикасының біршама өзгергенін айтады.

«2022 жылға арналған халықтың несиелік коэффициенті бір жыл ішінде 3,3%-дан 3,4%-ға дейін аздап өсті. Ал кәсіпкерлік несиеге келер болсақ, ол 4,4%-дан 3,9%-ға төмендеді. Халыққа берілген несие көлемі 54%-дан 58%-ға дейін көтерілсе де, халық арасында несиеге деген қажеттілік, керісінше 61%-дан 55%-ға төмендегені байқалады. Ал ипотекалық несиелер үлесі 32%-дан 36,3%-ға өсті. Мерзімі өткен несиелердің үлесі 3,1%-дан 3,8%-ға өссе, соның ішінде ипотека бойынша берешек үлесі 1,3%-дан 0,6%-ға дейін төмендеген», дейді Ләззат Үсенбекова.

Сарапшылар несие алуда және оны қайтаруда қиындықтарға тап болмас үшін халықтың қаржылай сауатын көтеру қажет деп санайды. 2020-2024 жылдарға бағытталған қаржылық сауат тұжырымдамасына сәйкес, халықтың сауаттылық индексі айтарлықтай көтерілгені байқалады. Мәселен, 2018 жылы елдегі сауаттылық индексі 36% денгейінде болса, 2020 жылы 39%-ға жеткен. Оның ішінде халықтың қаржы жүйесінен хабардар болуы 2018 жылы 9,5% болса, 2020 жылы 45% жеткен.

Қаржылық қызметтердi пайдалану мүмкiндiгi 2018 жылы 25%-дан 2020 жылы 40%-ға өскен. Ал өз қаражатын басқару бойынша индекс көрсеткіштері 2021 жылы 42,57%-ға көтерілген. Бұл 2020 жылғы 39,6 пайыздық көрсеткішінен біршама жоғары екен.

Сондай-ақ оқыңыз