Серік Күдебаевтың кінәсі толық дәлелденді – Бас прокуратура

Жарияланды
Аса ауыр қылмыс жасаған 300 ге тарта адам іздеуде
Фото: Kursiv.media

Бас прокуратура «қаңтар оқиғалары» кезінде билігін асыра пайдаланғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевқа шыққан сот үкіміне түсініктеме берді.

Талдықорған қалалық сотының үкіміне сәйкес, С.М. Күдебаев «қаңтар оқиғалары» кезеңінде ауыр зардаптарға (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) және азаптауларға (146-бабы 2-бөлігі) әкеп соққан билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып, полиция генерал майоры арнайы атағынан айырыла отырып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, С.М. Күдебаев Конституцияның, Мемлекет басшысының «Төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығының, «Құқық қорғау қызметі туралы» және «Ішкі істер органдары туралы» заңдарының нормаларын бұзып, сондай-ақ ведомствоішілік бұйрықтар мен арнайы жоспарлардың талаптарын орындамаған.

«Шабуыл белгілері болмаған жағдайда, төтенше жағдай кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің орнына, С.М. Күдебаев жеке құрамға ғимараттан кетуге және үйлеріне тарауға заңсыз бұйрық беріп, қызметкерлердің райын қайтарған. Жергілікті жердің коменданты ретінде жедел штабтың тиісті жұмысын және аймақтағы жағдайды тұрақтандыру бойынша уақтылы шаралар қабылдауды қамтамасыз етпеген. Нәтижесінде Талдықорған қаласында хаос пен биліксіздікке жол берді. Тонаушылар сауда үйлері мен бизнес нысандарын тонады. Банкоматтар мен супермаркеттердің дүңгіршектерін қиратып, облыс әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы ғимараттарына шабуыл жасап, өртеді» делінген хабарламада.

Сонымен қатар, аталған оқиғадан кейінгі тергеп-тексеру барысында Күдебаев ұсталғандарды азаптауларға, тіпті тиым салынған әдістерді қолдануға жол берген.

«2022 жылғы 7-16 қаңтар аралығында оның үнсіз келісімімен Полиция департаментінің ғимаратында 23 азаматқа қатысты жаппай азаптау қолданылды. Сонымен қатар, С.М. Күдебаевтың көз алдында оның қарамағындағылар департамент аумағында жеткізілген адамдарды ұрып-соққандығы бейнекамераларға жазылған. Психикалық және физикалық зорлық-зомбылықпен, сондай-ақ бу үтікті қолданумен қатар жүретін тыйым салынған тергеу әдістерінің нәтижесінде аталған азаматтардың денсаулығына әр түрлі дәрежедегі зиян келтірген», делінген хабарламада.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, С.М. Күдебаевтың кінәсі қылмыстық іс бойынша жиналған дәлелдемелер жиынтығымен толық дәлелденді.

Сондай-ақ оқыңыз