Ауылдардағы су мәселесін шешуге 25 млрд теңге қажет – Индустрия министрі

Жарияланды

Фото: Асқар Ахметуллин

Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын сумен қамту үшін бюджеттен 25 млрд теңге қажет. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

Президент 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз етуді тапсырды. Министрдің айтуынша, бұл тапсырма «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасы шеңберінде орындалады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша ауыз суға қолжетімділік қалаларда – 98,4% және ауылдарда 94,5% құрады. 9 өңірдің қала тұрғындары ауыз сумен 100% қамтылған. Олар: Актөбе, Алматы, Атырау, Жетісу, Маңғыстау, Солтүстік және Батыс Қазақстан, Қызылорда және Ұлытау облыстары.
Қалаларда ауыз сумен қамтудың ең төмен көресеткіші Жамбыл облысында – 91,9%.

Ал ауылдық елдімекендер бойынша Қостанай облысында – 80,4%, Ақмола облысында – 89,8% және Солтүстік Қазақстан облысында 85% құрап отыр.

«Қамту көрсеткіштері төмен өңірлерге қаражат басым негізде бөлінеді, бұл өз кезегінде артта қалған өңірлердің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Марат Қарабаев.

Айтуынша, биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыру үшін 280 млрд теңге бөлінді.

«Оның ішінде қалаларда 135 жобаны іске асыруға 167 млрд теңге және ауылдарда 267 жобаны 113 млрд теңге бөлінді. 1 395 ауылдың ауыз су мәселесін 2025 жылдың соңына дейін шешу жоспарланып отыр», – деді министр.

Айтуынша, қалған ауылдардың 69%-ы, яғни 963 ауыл халқы саны аз елдімекендерге жатады. Оларға бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді блок модульдер орнатылады.

«Министрлік арқылы 391 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы қамтамасыз етіледі және 41 ауылда кентішілік желілер Экология және табиғи ресурстар министрлігі арқылы топтық су құбырларын салу жөніндегі жобаларды іске асыру шеңберінде салынады», – деді министр.

Айтуынша, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мен реконструкциялауға бюджеттен шамамен 25 млрд теңге қажет.
Оған судың коммерциялық және техникалық шығынын 15-40%-ға төмендету, инвестициялық шығындарды 10-15%-ға оңтайландыру, электр энергиясына жұмсалатын шығындарды 15-20%-ға қысқарту жобалары іске асады. Сондай-ақ желідегі апатты 30-50%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Премьер-министр Әлихан Смайылов ауыз су мәселесін шешу үшін саланы цифрландырып, тиімді тарифтерді енгізуі қажет екенін айтты.

«Президент Қазақстан 2050 жылға қарай суға өте мұқтаж елдердің қатарына кіруі мүмкін екенін айтты. Қазір елімізде 600 мыңнан аса адам ауыз су мәселесін шешуді талап етіп отыр. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы сезіліп отыр. Осыған байланысты суды үнемдеу мәселесі өте маңызды. Өкінішке қарай азаматтардың көбісі суды үнемдегісі келмейді. Бұл мәселені шешу үшін саладағы цифрландыруды және тиімді тарифтерді енгізу керек. Осы мәселенің бәрін жаңа Су кодексі мен бағдарламалық құжаттарды дайындау кезінде ескеру керек», – деді үкімет басшысы.

Қазақстан – суы аз әрі тапшы мемлекет саналады. Негізінен су тапшылығы суды шектен тыс қолдану салдарынан пайда болады. Қазақстандықтар суды Еуропа халқымен салыстырғанда 3 есе артық жұмсайды. Экологтар бүгінде елдегі өзендер мен көлдердің тартылып жатқанын, «судың сұрауы бар» екенін ескеркен.

Бүған дейін Су кодексіне сәйкес, мемлекет маңызды топқа кіретін және дербес жергілікті сумен жабдықтау жүйелері арқылы таратылатын таза су қызметтерінің құнын ішінара субсидиялайтыны хабарланған еді.  

Сондай-ақ оқыңыз