Дамушы нарық валютасы әртүрлі бағытта өрбіді
Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 28 сәуірде теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,9%-ға (457,68 теңгеден) нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 453,39 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы Ұлттық Банк хабарлады.
2023 жылғы 21-28 сәуір аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды.
2023 жылдың 1-тоқсанында АҚШ ЖІӨ тоқ/тоқ 1,1%-ға дейін бәсеңдеп, талдаушылардың күткенінен төмен болды. АҚШ-тағы PCE тұтынушылық шығыстарының базалық индексі 2023 жылдың 1-тоқсанында тоқ/тоқ 4,9%-ға дейін тез өсіп, күткеннен де жоғары болды. Жапония банкі ақша-кредит саясатының параметрлерін өзгеріссіз сақтап қалды. Еуроаймақтағы ЖІӨ-нің өсу қарқыны тоқ/тоқ 0,1% (талдаушылардың күткенінен төмен) болды.
Бұл факторлар дамушы нарықтарда валюталардың әртүрлі бағыттағы динамикасын құрды.
Дамушы елдерде АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының динамикасы төмендегідей қалыптасты:
- Индонезия рупиясы Индонезияның борыш нарығына бейрезиденттердің ағылып келуі аясында 2%-ға (14 976-дан 14 674-ке дейін) нығайды (JPMorgan Индонезияның МБҚ-сын сатып алу көлемін олардың ҚХР-ға салған салымдарынан асып түсетін көлемде арттыруда);
- Ресей рублі сәуірдегі салық кезеңі аясында 1,8%-ға (81,7-ден 80,25-ке дейін) нығайды. РФ Орталық банкі негізгі мөлшерлемені 7,5% деңгейінде сақтап қалды;
- Бразилия реалы жұмыс орындарын құру және инфляцияны бәсеңдету бойынша сенімді деректердің шығуы аясында 1,2%-ға (5,05-тен 4,99-ға дейін) нығайды;
- үнді рупиясы Үндістанның борыш нарығына бейрезиденттердің ағылып келуі аясында 0,3%-ға (82,1-ден 81,83-ке дейін) нығайды;
- Мексика песосы бір аптада 17,99-дан 18-ге дейін әлсіреп, өзгерген жоқ;
- түрік лирасы 0,3%-ға әлсіреді (19,4-тен 19,45-ке дейін). Түркия Орталық банкі базалық мөлшерлеме деңгейін 8,5% деңгейінде сақтап қалды;
- Оңтүстік Африка ранды Eskom ұлттық компаниясының электр жарығын өшіруіне байланысты инфляциялық күтудің өсуі аясында 1%-ға (18,11-ден 18,29-ға дейін) әлсіреді. ОАР Орталық банкінің болжамдары бойынша инфляция жөніндегі болжам 0,5 пайыздық тармаққа түзетіледі.