Ирак түрмесінде отырған қазақстандық әйелдер аштық жариялады – СІМ

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Ирак түрмесінде отырған қазақстандық әйелдер аштық жариялады. Олар өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.

«Бірнеше жыл бұрын «Русафа» операциясы аясында Ирактан бүлдіршіндер Қазақстанға жеткізілді. Алайда олардың анасы өмір бойына бас бостандығынан айырылып, Бағдат (Ирак) түрмесінде жазасын өтеуге қалды. Биыл 24 сәуірде Қазақстанның Иорданиядағы елшілігіне Ирак билігінің террористік ұйым қызметіне қатысқаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкімге наразылық ретінде Бағдаттағы Русафа-6 түрмесінде отырған шетелдіктер аштық акциясын бастағаны туралы хабарлама түсті. Оның ішінде Қазақстан азаматтары да бар», – деді Смадияров.

Оның айтуынша, сотталғандар өз еліне тезірек экстрадициялауды талап етіп отыр.

«Аштық акциясы Ирак билігінің «Рақымшылық туралы» заңға қол қоюы туралы қауесет аясында басталды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Ирак билігі биыл қылмыс жасаған барлық санаттағы адамдарға «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл нақты ақпарат емес», – деді ол.

Ал рақымшылыққа ілігетін адамдар өзіне белгіленген жазаның үштен бірін сол елде өтеуге тиіс.
Қазір жоғары аталған мекемеде ДАИШ террористік ұйымының жұмысына қатысқаны үшін сотталған 6 қазақстандық жазасын өтеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз