«Мені тұңғыш президенттің отбасымен негізсіз байланыстырып отыр» – Гүлмира Сатыбалды

Жарияланды
Гульмира Сатыбалды озвучила последнее слово в суде

Гүлмира Сатыбалды соттағы соңғы сөзінде өзіне тағылған айыпты мойындамады. Сондай-ақ судьяға Тұрсенғали Алагөзовке қатысты істі мұқият зерттеу қажет екенін айтты.

Қылмыстық іс Байқоңыр ауданының №2 сотында қаралып жатыр.

«Сыни ойлай алатын кез келген адам маған қатысты істің елдегі саяси өзгерістерге байланысты қозғалғанын түсініп отыр. Мені елдің бірінші президенттің отбасымен байланыстырады. Қазақстанның бұрынғы президенті ағасының ұлы Қайрат Сатыбалдының әйелі деп айтып жатыр», – дейді Гүлмира Сатыбалды.

Ол Қайрат Сатыбалдымен 20 жылдан аса уақыт бұрын ажырасып кеткенін, ортада 3 баласы бар екенін тағы да айтып өтті. Оның сөзінше, Қайрат Сатыбалдының жеке өміріне араласпаған, екеуінің ортақ кәсібі де жоқ.

«Мені онымен тек ортақ 3 баламыз байланыстырады. Мен ұл-қызымның жақсы әкесі бар екенін мақтан тұтамын. Ортақ балаларымыз бар, бірақ одан басқа байланысымыз жоқ. Оның жеке өмірі бар. Ортақ кәсібіміз жоқ. Мені тұңғыш президенттің отбасымен негізсіз байланыстырып отыр», – деді Гүлмира Сатыбалды.

Сондай-ақ іс бойынша жәбірленушілердің бір күнде арыз жазғанына күдікпен қарайтынын жеткізді.

«Сот Алагөзов пен Мекешеваның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне бір күнде арыз жазғанына назар аударуы қажет. Олар Қайрат Сатыбалды ұсталғанына үш күн өткен соң арызданған. Шамасы бұл біреуге қажет болған, сол жағдайда пайдалануға шақырған шығар. Қайратты ұстады, содан кейін оның кіәсін мойындауына және активтерді мемлекетке қайтаруына ықпал ету жағынан мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үшін тиімді болдым», – дейді ол.

Сатыбалды өзіне қатысты арызды полиция қарауы қажет екенін, алайда кенеттен іске сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қосылғанын айтты.

«Бұл – қолдан жасалған резонанстық саяси іс. Оның астарында саясат жатыр. Мен арқылы халыққа ескі саяси режиммен белсенді күресіп жатқанын көрсеткісі келіп отырған болуы да мүмкін», – дейді ол.

Айтуынша, Тұрсенғали Алагөзов GALANZ bottlers иесі болмаған. Ал акциялар Бердіқұлов пен Ревшановтың атында болған. Соған байланысты ол жәбірленуші бола алмайды. Ал Мекешева «Maxi чай» тауар белгісінің формалды иесі болған.

«Мекешева акциялардың Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі екенін айтып отыр. Бұл іс барысында адамдардың өтірігі ашылды. Алагөзов іс бойынша заңсыз түрде жәбірленуші деп танылды. Себебі ол акция иесі емес. Мен қамауға алынғанға дейін Алагөзов пен оның әйелі Баянмен жақсы қарым-қатынаста болдым. Олар менің туған күніме де келді. Қолымды сүйіп, «менің құтқарушым» деп атады. Оларды өзімнің досым санадым», – дейді Сатыбалды.

Айтуынша, Алагөзов қазірге дейін компанияны басқарып отыр. Сол себепті Гүлмира Сатыбалды «моральдық зиян келтірді» деген айыппен келіспейтінін жеткізді.

«Акция Бердіқұлов пен Ревшановқа тиесілі болған. Олар кездесу барысында акциялардың Алагөзовке тиесілі екені туралы сөз қозғамады. Өздерін мүлік иесі деп таныстырып, соны растайтын құжаттарын да көрсетті. Бердіқұлов пен Ревшановтан компанияны алып жатқан кезде олар сот шешімін көрсетті. Ол жерде кәсіпорынды Алагөзовтен қарыздың орнына алғаны туралы айтылған. Маған қатысты қылмыстық істі заңсыз қозғап отыр», – деді Сатыбалды.

Гүлмира Сатыбалды соттан Тұрсенғали Алагөзовке қатысты эпизод бойынша жан-жақты тексеруді сұрады.

Ал Айгүл Мекешеваға қатысты эпизод бойынша жәбірленушімен медиативті келісімге келгенін айтты. Айтуынша, бір-бірін кешірген. Сондай-ақ соттағы соңғы сөзінде Сатыбалды соттан іс бойынша екі сотталушы Мәди Батыршаев пен Рашид Өтебековті ақтауды сұрады.

Айта кетейік, Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағы (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады), 125-бабының 2-бөлігінде (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы және пайдакүнемдiк ниетпен адамды ұрлау) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған. 

Гүлмира Сатыбалды бұған дейін өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген еді.

Ол Қайрат Сатыбалдымен ажырасқанына 20 жыл болғанын айтып, Тұрсенғали Алагөзовтің компаниясын тартып алмағанын жеткізді.

Мемлекеттік айыптаушы Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Сондай-ақ оқыңыз