Жаңалықтар

«Бесік жыры» анимациялық фильмі Испания кинофестивалінде үздік атанды

кинофестиваль
Фото: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі

Қысқаметражды «Бесік жыры» анимациялық фильмі Испания астанасы Мадридте өткен беделді кинофестивальде «Ең үздік қысқаметражды анимациялық фильм» жүлдесін жеңіп алды. «MADFA Madrid Film Awards – 2023»  20-шы халықаралық байқауға 1500 анимациялық жұмыс үміткер ретінде ұсынылған.

«Қазақстандық анимациялық фильмнің беделді халықаралық байқаудың бас жүлдесін иеленгені – отандық анимация саласының оң бағытта дамып келе жатқанының көрсеткіші деп санауға болады», деді Оралов.

Мәдениет және спорт министрлігі 2030 жылға дейін жалпы прокаттағы қазақстандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

«Ол үшін жыл сайын кемінде 10 анимациялық жоба жасалатын болады. Өткен жылы елімізде алғаш рет «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды. Аталған ұйым отандық анимация мамандарының шеберлігін шыңдап, анимациялық жобаларды шығаруға қолдау көрсетеді»,- деді министр.

Министрліктің хабарлауынша, Мадрид киножүлдесі MADFA (MFA) IMDb ресми конкурсына кіреді. Фестиваль жыл сайын өз алаңында әлемнің ең үздік туындылары мен талантты режиссерлердің басын қосады. 

2022 жылы фильм түсіруге 5,6 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. Оның 4,95 млрд теңгесі әлеуметтік маңызы бар фильмдерге (анимациялық фильмдерді қоса алғанда), тағы 500 млн теңге «дебют» санатындағы фильмдерге жұмсалды. Кең аудиторияға арналған фильмдерге 129,5 миллион теңге, бірлескен өндірістегі фильмдерге 25 миллион теңге бөлінді.