Жаңалықтар

Тасымалдау кезінде ай сайын вагондардан 900 млн теңгенің бидайы ұрланады

Фото: Kursiv.media

Темір жол арқылы тасымалданатын бидайдың 1% жолда қолды болады. Одан келетін шығын айына шамамен 900 миллион теңгені құрайды. Бұл туралы «KazGrain» ұлттық экспорттаушылар қауымдастығы, директорлар кеңесінің төрағасы Қанат Көбесов айтты.
Биыл логистика мен бидай құнына қатысты туындаған кедергілерге қарамасатан, Қазақстан астық экспортын өткен маусыммен салыстырғанда 35%-ға арттырған.

«Айына 1 миллион тонна астық тасымалданады. Бұл бидайдың шамамен 1%-ы тасымалдау кезінде ұрланып, әр вагондағы астық шамамен 700 кг азаяды. Яғни, саудагерлер ай сайын 10 мың тонна тауарын жоғалтады. Бір тоннасы 200 доллар тұратын бидай тасымалында, экспорттаушылар ай сайын 2 миллион долларға жуық шығынға ұшырайды», дейді Қанат Көбесов.

Маман жалпы астық тасымалында бұдан басқа да қордаланған мәселелер көп екенін айтады. Бұл саланы цифрландыруға көшіру – біраз мәселені шешпек.

«Ұлттық тасымалдаушылар жоғары технологиялармен жұмыс істеуі керек. Экспорттаушылар үшін құжаттарды толтыру және тазалау, жүктерді тасымалдау кезегін цифрландыру қажет. Ал ұлттық тасымалдаушы шарттарды орындамаған жағдайда, айыппұлдар одан автоматты түрде экспорттаушы пайдасына шешілуі тиіс. Ал іс жүзінде экспорттаушы өз талаптарына жауапты 3-9 ай бойы күттіріп қояды, нәтижесінде бұл істің экспорттаушы пайдасына шешілуі екіталай», дейді «KazGrain» басшысы.

Сонымен қатар, ескірген технологиялар мен стандарттар, дамудың артта қалуы, кадр тапшылығы сынды мәселелер шешімін таппаған. Еліміздің аграрлы өлкесі саналатын – Қостанай, Петропавл, Павлодар қалаларындағы теміржол вокзалдарының қуатын арттыру, локомотив паркін толығымен жаңартып, оны ұлғайту арқылы бұл саладағы қордаланған талай мәселені шешуге болады деп санайды экспорттаушылар.