Жаңалықтар

Украинадағы соғыс, жаһандық рецессия Қазақстан экономикасына зиянын тигізбейді – AERC

2023 жылы теңгенің долларға шаққандағы құны 453,6 теңге деңгейінде болады деп болжанады.

Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығы (AERC) кезекті макроэкономикалық шолуын жариялады. Онда сыртқы шоктар мен рецессия қаупіне қарамастан Қазақстан экономикасының алған бағыттан жаңылмай, өсім динамикасын көрсетіп келе жатқаны айтылған.

AERC сарапшыларының айтуынша, 2023 жылдың қаңтар-ақпанының қорытындысы бойынша қазақстандық экспорт тек 0,7 пайызға өскен. Ал жеткізу тізбегінің қалпына келуіне байланысты импорт көлемі 40 пайызға ұлғайған. Олардың мәлімдеуінше, Қазақстанның негізгі экспорттық өнімдері – мұнай, металл, астық негізінен Ресей территориясы арқылы тасымалданады. Ал бұл өз кезегінде соңғы геосаяси ахуалға байланысты үлкен тәуекел туғызып жатыр.

«Соңғы бір жыл ішінде Қазақстанның ТМД елдеріне экспорты 20 пайызға өсті. Ал басқа елдерге сату көрсеткіші 3,3 пайызға құлдырады. ТМД елдерінен импорт 6,9 пайызға азайды. Ал өзге елдерден келетін импорт 82 пайызға өсім көрсетті. Ресейді айналып өтіп, Ақтаудан Бакуге мұнай тасымалдау көлемінің 5 есе артуын жақсы жаңалық деп айтуға болады. Әрине, бұл маршрут арқылы тасымалданатын көлем Ресей арқылы өтетін көлемді толық жаппайды. Соның өзінде тәуір көрсеткіш. Былтыр Ресейге балама жолдар арқылы тасымалданған мұнай көлемі 1,8 млн тонна болды. Дегенмен КТК мұнай экспортының негізгі және экономикалық жағынан ең тиімді бағыты болып қала береді, ол арқылы жеткізу 2022 жылы 1%-ға қысқарды», делінген шолуда.

Рецессия тәуекеліне, Украинадағы соғыстың жалғасуына, сондай-ақ Тайвандағы қақтығыстың өршуіне қарамастан AERC өзінің 2023 жылға арналған ЖІӨ болжамын жиынтық сұраныс моделі бойынша жақсартқан.

Базалық сценарий жағдайында, 2023 жылдың бірінші тоқсанында Brent маркалы мұнай бағасының төмендегеніне қарамастан долларға қатысты теңге бағамы біршама нығайды. Орташа алғанда, наурызда теңге/доллар жұбы 449,99 теңге болып тұрақтады. Ақпанда 1 доллар 451,94 теңге болған. Ақпандағы теңгенің нығаюы еліміздегі салық аптасына байланысты болды. Ал наурызда Ұлттық қордан трансферттерді қамтамасыз ету аясындағы Ұлттық банктің шетел валютасын сатылымға шығаруы төл валютаға қолдау көрсетті. Сонымен қатар америкалық қос ірі банк – Signature Bank пен Silicon Valley Bank-тің банкрот болуы долларды біраз әлсіретіп кетті.

AERC 2023 жылы теңге/доллар жұбы 453,6 теңге деңгейінде қалыптасады деп болжайды.

Сонымен бірге AERC сарапшылары биылғы мемлекеттік бюджет тапшылығы 3,9 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 4,1 пайызы болатынын айтады.

« Мемлекеттік бюджет тапшылығының шығындарын азайту Ұлттық қордан бұрын жоспарланған 2,2 триллион теңгеден 3,0 триллион теңгеге дейінгі трансферттердің өсуі, сондай-ақ салық түсімдерінің өсуі есебінен болады. Экономиканың бірқатар салаларында өнім шығару болжамын оңды қайта қарау аясында AERC корпоративтік табыс салығы түсімдерінің 3,6 трлн теңгеге дейін өеді деп күтеді. Болжам қаңтар айымен салыстырғанда біршама жақсарды. Халықтың номиналды ақшалай кірістерінің өсу қарқынының ұлғаюын ескере отырып, жеке табыс салығы бойынша кірістердің өсуі 1,6 трлн теңгеге (бұрын – 1,5 трлн теңге), әлеуметтік салық – 1 трлн теңгеге дейін жетеді деп күтілуде (бұрын – 998 млрд теңге). Биылғы мемлекеттік бюджет шығыны 21,0 трлн теңге деп болжанып отыр», делінеді шолуда.

AERC бас директоры Жәнібек Айғазиннің айтуынша, биыл бірінші тоқсанда ел экономикасының 4,9 пайызға дейін өсім көрсетуіне құрылыс, сауда, транспорт, өңдеуші өнеркәсіп салалары үлес қосты. Сондай-ақ ол жаһандық тенденцияның ізін ала отандық инфляцияның да баяулай бастағанын назарға алады.

«2023 жылы наурызда инфляция 18,1 пайыз болды. Бұл жоғары базаның эффектімен түсіндіріледі. Соның ішінде азық- түлік тауары бойынша – 18,1 пайыз, азық-түліктік емес тауарлар – 18,1 пайыз және қызметтер бойынша – 14,4 пайыз. 2023 жылдың ақпан айынан бастап AERC инфляция болжамын жариялайды және оның наурыз айындағы жылдық бағалауы 18,41% (шын мәнінде – 18,1%) болды, ал инфляция төмендеу үрдісіне ие болады. Осыған байланысты реттеуші күту позициясын ұстанады және төрт ай бойы базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде ұстап отыр. Алайда проинфляциялық тәуекел сақталады, сол себепті де монетарлық ахуал қатаң күйінде қалады», дейді ол.

AERC биыл орташа алғанда, тұтынушылық инфляция елімізде 10,2 пайызды құрауы мүмкін деп есептейді.

AERC-тің базалық сценарийі бойынша биыл Қазақстан ЖІӨ-сінің нақты өсімі 4,3 пайыз болмақ. Сарапшылар мұнай бағасы барреліне 83,1 доллардан 84,9 долларға барады деп болжайды. Бұл өсімнің негізгі факторы – ОПЕК+ елдерінің Біріккен Министрлік мониторинг комитетінің 48-ші отырысында жыл соңына дейін мұнай өндіруді тәулігіне 1,16 млн баррельге қысқарту туралы шешім. Бұл келісім 33-ші министрлер кеңесінің өндірісті тәулігіне 2 миллион баррельге қысқарту, сондай-ақ осы жылдың соңына дейін Ресей жариялаған өндірісті 500 мың баррельге қысқарту туралы шешіміне қосымша ретінде әрекет етеді. Негізгі мұнай экспорттаушы елдер арасындағы мұндай келісім мұнай нарығындағы сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігіне және сәйкесінше баға динамикасына сөзсіз әсер етеді.

2023 жылға арналған болжамның базалық сценарийінде Қазақстандағы мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемінің болжамы қаңтардағы макроэкономикалық шолумен салыстырғанда 0,5 миллион тоннаға төмендеп, 85,5 миллион тонна деңгейінде қабылдануда.