Президент ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы, ведомствоның жыл басынан бері атқарған қызметінің негізгі қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған жоспары туралы мәлімет берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері бірқатар лаңкестік қылмыстың, соның ішінде қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны қолдану арқылы халық көп жиналатын орындардың бірінде жасалмақ болған террористік актіге тосқауыл қойылғаны жөнінде баяндалды. Берілген мәлімет бойынша 19 адам қамауға алынды. Ермек Сағымбаев Терроризмге қарсы орталық штабының жұмысын үйлестіру кезінде террорлық қатерлерге қарсы іс-әрекет шараларын жетілдіру үшін жаттығу жиындары мен дайындықтар өткізілгенін хабарлады» делінген ақпаратта.
Хабарламаға сәйкес, ҰҚК төрағасы Президентке шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерінің барлау әрекеттеріне қарсы іс-қимыл операциялары жүзеге асырылғаны туралы баяндады. Оның дерегінше, анықталған бірқатар факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізген криминогендік жағдайды сауықтыру жұмыстарының нәтижесінде биыл төрт айда ҰҚК 8 қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Қару-жарақ пен оқ-дәрі жасауға қатысты 7 жасырын цех жойылды. Заңсыз айналымнан 268 қару, 21 граната және 30 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. 16 есірткі лабораториясының, 11 халықаралық және 17 өңірлік есірткі каналының жұмысы тоқтатылды.
«Мемлекеттік шекараны күзету саласында 6 987 заң бұзушы ұсталды. Шамамен 2,8 миллиард теңге көлемінде валюта, алтын және басқа да тауарлардың заңсыз тасымалдануына жол берілмеді. Қару мен оқ-дәрілерді тасымалдауға қатысты 85 әрекеттің жолы кесілді. Заңсыз көші-қон бойынша 4 арнаға тосқауыл қойылып, олардың 6 ұйымдастырушысы ұсталды.Ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалық бөлімшелері 37,9 миллионнан астам кибершабуылды және елдің маңызды инфрақұрылым нысандарына бағытталған 1948 DDoS-шабуылға тойтарыс берді» делінген ақпаратта.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.