«1 гектары 1 050 теңге»: Қазақстан Ресейге 8,5 млн гектардан астам жерді жалға беріп отыр

Жарияланды
Фото: Shutterstock

Қазақстан 2005 жылдан бері Ресейге әскери пологиндар үшін 8,5 млн гектардан астам жерді жалға беріп отыр. Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат Серік Егізбаев айтты.
Депутат еліміздің жер көлемі бойынша әлемде 9-орында тұрғанымен, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің алқапқа деген қажеттілігін толық көлемде қанағаттандыра алмай отырғанын айтты.
Оның сөзінше, әрбір өңірде фермерлік шаруашылықпен айналысқысы келетін азаматтарды қамтамасыз ету мәселесі жердің жетпеуіне келіп тіреледі.

«Мәселені шешу жолдарының бірі – Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Ұлытау және Қарағанды облыстарында орналасқан әскери полигондардың жерлерін пайдалану мәселелері жөніндегі Қазақстан – Ресей комиссиясы мүшелерінің ұстанымын түбегейлі өзгерту», – деді депутат Егізбаев.

1995 жылдан бастап Ресей Қазақстаннан әскери полигондар үшін 8 жарым млн гектардан астам жерді жалға алып отыр. Бір гектар үшін жалға беру бағасы – 1050 теңге. Депутаттың айтуынша, бұл баға 2005 жылдан бері өзгермеген.

«Осы тұста жердің бағасы қандай әдістеме бойынша бағаланғаны және жалға алу мерзімі аяқталған кезде мың теңге бір гектар жерді қалпына келтіруге жеткілікті бола ма деген сұрақ туады. Әлде салмақ республикалық бюджетке түсе ме?», – деді Мәжіліс депутаты.

Депутат комиссия жұмысын зерттеу барысында біздің мемлекет өкілдерінің ұстанымы жоқ екенін, ал Ресей тарапы өз мүддесін қорғап отырғанын айтты.

«Осыған байланысты Қазақстан тарапынан комиссия мүшелерінің тізімін ұсынуды сұраймыз және бұл тек бақылау үшін ғана емес, біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізу шеңберінде комиссия мүшелеріне кез келген жәрдем көрсетуге дайынбыз», – деді ол.

Жалдау шартын қайта қараудың келесі мерзімі 2030 жылы басталады. Соған байланысты парламенттегі Ауыл партиясының фракциясы Үкіметке бірқатар ұсыныс енгізді.
Аталған комиссия шеңберінде келіссөздерді дереу бастап, биылдың өзінде-ақ халықтың ауыл шаруашылығы қызметі үшін сынақ полигондарының жер учаскелерін азайту қажет екенін айтты.
Мәселен, 2019 жылы БҚО әкімдігі сыртқы істер, қорғаныс, ауыл шаруашылығы министрліктеріне Ресей Федерациясының БҚО аумағында жалға алған полигон аумағын 1 млн 100 мың га (Бөкей ордасы ауданы бойынша 700 мың га, Жаңақала ауданы бойынша 400 мың га) қысқарту жөнінде ұсыныс енгізді. Республиканың қорғаныс министрлігі Жол картасын әзірледі және оны премьер-министрдің орынбасары – республиканың сыртқы істер министрі бекітті.
Жерді кейіннен рекультивациялау қажет екенін ескеріп, полигондарды жалдау ақысының көлемін нақты қажет сомаға дейін ұлғайтуды ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз