Азық-түлік бағасы 2-3% қымбаттауы мүмкін – Сауда министрлігі
Соңғы 7 аптада азық-түлік бағасы өспеген. Бағаның көтерілуі 0,1%-дан аспаған және жыл басынан бергі көрсеткіш 3,5 пайызды құрады. Ал бағасы арзандаған өнімдер ішінде қарақұмық пен қант, сұйық май бар. Ондағы бағаның төмендеуі шашамен 0,7-2.2 пайызды құрайды. Бұл жайлы Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиев мәлімдеді.
Жалпы алғанда, қазіргі уақытта инфляцияның жылдық мәндегі көрсеткіші 16.8, оның ішінде азық-түлік 17.9 пайыз, азық-түлік емес тауарлар 18.2 пайызды құрайды. Ал жақында ғана көтерілген жанармай бағасы азық-түлікке қалай әсер ететіні туралы министрлік өкілінің өз уәжі бар
«Жанармай мен дизель отынының қымбаттауына байланысты азық-түлік бағасы 2-5 пайызға ғана көтерілуі мүмкін деп болжанып отыр. Алайда бұл – баға бірден қымбаттайды дегенді білдірмейді», деді.
Ал Сауда және интеграция министрлігі, Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков өнімнің түпкі бағасы өспейтінін айтады.
«Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік бағасының өсіп кетпеуі үшін арзандатылған жанар-жағармай беріп жатыр. Барлық егіспен айналысатын шаруалар 413 мың тонна жанар-жағармайды 204 теңгеден алады. Сол себепті отынның қымбаттауы өнімнің өз бағасына әсер етпейді. Бірақ кейін тасымалдағанда ғана үстіне қосымша баға қосылуы мүмкін. Сол себепті де инфляция көлемі 2-5% көлемінде болжанып отыр», дейді.
Ал алдағы жылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында 2024 жылға арнап 90 мың тоннаға азық-түлік келісімшарты жасалған екен. Алдын-ала дайындалып жатқан бұл қор келесі жылдың құбылмалы кезеңдерінде тұрақтылық үшін пайдаланылады.