Жаңалықтар

Моноқалаларды келешекте ауыл ретінде қайта құру мәселесі туындауы мүмкін – депутат

Фото: aqtobegazeti.kz

Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев еліміздегі моноқалалардың жағдайына тоқталып, үкіметке кешенді жоспарды қабылдауды жеделдетуді сұрады.

Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Роман Склярге жолдады.

«Қазір елімізде 27 моноқала бар және оларда 1,4 млн адам тұрады. Көбісінде ұқсас, шешілмеген проблемалар аз емес. Негізгілері – тұратын жерінен көшіп кету, халық санының азаюы, жоғары жұмыссыздық деңгейі, инженерлік, көлік инфрақұрылымның тозуы және әлеуметтік инфрақұрылымның жетіспеушілігі мен төмен материалдық-техникалық қамтылуы», – деді депутат.

Мысал ретінде Мәжіліс депутаты Екібастұз, Кентау және Арқалық қалаларын атады. Бұл моноқалаларда су желілері, канализациялық, жылу және электрмен жабдықтау жүйелердің тозу мөлшері 85% астамды құрайды. Арқалықта жолдардың 80% артығы нашар жағдайда, ал бала өлімі көрсеткішінің өсуі 2022 жылы биылмен салыстырғанда 40% артқан.

«Оның негізгі себептері – медицина кадрларының тапшылығы мен денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы деңгейінің төмендігі. Нәтижесінде халықтың 50% астамы басқа өңірлерге көшіп кетуге мәжбүр болды. Бұл ретте дәл сондай проблемалары бар Қостанай облысының Амангелді, Жангельдин сияқты алшақ аудандары үшін сонау Торғай облысы кезінен бері Арқалық стратегиялық маңызды болып табылады. Соған ұқсас жағдай Қазақстанның басқа да моноқалаларында қалыптасқан, кейбірлері бойынша келешекте ауыл қылып қайта құру мәселесі туындауы мүмкін», – деді Бейсенғалиев.

Айтуынша, ұлттық экономика министрлігі мен әкімдіктер Алтай, Балқаш, Жаңатас, Қаратау, Лисаковск, Риддер, Серебрянск, Степногорск және Арқалық сияқты 10 қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеген. Осы күнге дейін ол жаспарларды Үкімет әлі бекіткен жоқ. Яғни, 2023 жылдан бастап іске асырылға тиіс кешенді жоспарлар әлі орындалмай отыр.

Депутат моноқалалар және олардың жанындағы аудандардың дамуы үшін Кешенді жоспарлар жобаларын Үкіметтің бекітуін жеделдету және оны іске асыруға кірісу қажет деп санайтынын жеткізді.